Медициналық оқу орындарының резиденттері денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қарсы шықты. Олар министрдің орнынан кетуін талап етті, деп жазады Stan.kz.
Медицина саласында оқып жатқан резиденттер денсаулық сақтау министріне риза емес. Олар қарсы пікір айтып, желіде видеоүндеу жолдады.
«Менің дәрігер болам деген үмітім сөнді. Мені өзім ақысын төлеп отырған резидентурадан қуып жатыр. Менің еркімсіз. Бұл заңға сай емес. Туыстарым маған дәрігер болудан бас тартуға кеңес беріп жатыр. Мен елімізде қателік жасаған дәрігерді түрмеге жабатынын білемін. Бірақ Біртанов орнынан кетсе, дәрігер болып, елімізде қызмет еткім келеді», - деді резиденттің бірі.
«Біртанов кетсе, менің дәрігер болатын жағдайым бар», «Егер Біртанов кетсе, мен адамдарды құтқарар едім», «Егер Біртанов кетсе, мен терапевт болып, сіздерді емдеймін», «Егер Біртанов кетсе, мен балаларды емдеймін», - дейді видео жолдаушылар.
Желі қолданушылары көптеген пікір қалдырып, бұл жағдайға қолдау білдіріп жатыр.
«Жастар әрқашан батыл. Оларды тыңдау керек», «Бірауыздан қолдар едім, менің де айтарым осы», «Көптеген резиденттер оқусыз, жұмыссыз қалды, бұны шешу керек», - деп жазды олар.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен брифингте медициналық жоғары оқу орындарының түлектеріне резидентураға түсудің жағдайын түсіндіріп, егер медициналық студенттер интернатурада ақылы оқыса, резидентураға ақы төлеуге құқылы. Егер олар грант бойынша білім алса, онда оны өтеу керек деген еді.