«Теміртас Ысқақов астанаға алғаш келгенде қала ескі танысындай көзіне соншалықты жылыұшырай көрінген. Кезіндегі Целиноград, Ақмола кезінен аңдалатын қаланың ескі тынысы туып-өскен жері Омбымен үндестігін аңғартты ма екен, бірден бауыр басып кетті. Ескі ғимараттарды суретке түсіре жүріп, қала тарихы мен архитектурасына қызыға, құлшына ден қойды. Жас талаптың бұл әуестігі он жылдан соң Fading.TSE атты үлкен жобаға айналатынын ол кезде өзі де бағамдай қоймаған» деп жазады «Егемен Қазақстан».
Газет тілшісі талапты жігіттен шағын сұхбат алған екен. Біз оқырман назарына сонда айтылған негізгі әңгіме өзегін ұсынбақпыз.
«Қалаға алғаш аяқ басқанымда бірден көзіме жылы ұшыраған шарбақпен қоршалған жер үйлер еді. Балалық шағым өткен Омбымен ортақ үндестігі бардай көрінді. Өкініштісі, қаланың бәз-баяғы үйреншікті қалпы жыл өткен сайын жоғалып барады. Әсіресе, ЭКСПО көрмесі кезінде тұтас аудандар сүріліп тасталды», – деп қынжылады тәуелсіздіктің құрдасы.
Ол 2000-жылдары отбасымен Омбыдан Екібастұз қаласына қоныс аударған екен. Орта мектепті аяқтаған соң, 2009 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Сәулет» кафедрасына оқуға түскен. Содан бері астаналық.
«Fading.TSE – коммерциялық емес жоба. Алғашқыда Instagram әлеуметтік желісінде әдеттегі блог ретінде басталды. Жұмыстан тыс уақытта қаланың ескі ғимараттарын суретке түсіріп, олардың сәулеттік және тарихи ерекшеліктері туралы жаза бастадым. Жазбаларым көпшіліктің қызығушылығын тудырып, өз аудиториясын қалыптастырды. Кейін блогымды нақты жоба ретінде бағдарлап, Сорос-Қазақстан қоры мен Urban Forum Kazakhstan ұйымдастырған қалалық байқауға жолдадым. Жоба жүлдегерлер қатарына ілігіп, грант иегері атанды. Қазір нақтылы зерттеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Көп фотограф сол жағалауды, ондағы зәулім ғимараттарды түсіргенді жөн көреді. Мен үшін ғимараттардың сәнді, сәулетті болуы міндетті емес. Мені көбіне ескі үйдің артында қалған тарих қызықтырады. Медиа кеңістікте қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы айтатын жобалар жоқ», – дейді Теміртас Ысқақов.
Айтуынша, оның қолға алған жобасы – жоғалып бара жатқан қала одасы.
«Мәселен, Отырар көшесіндегі Энергосервистің шаруашылық үй-жайы кезінде бай татар көпесіне тиесілі қойма болған. Меніңше, офистерді сол жағалауға жіберіп, ескі қойманы татар мәдени орталығына немесе арт-хабқа айналдыру керек. Қоғамдық сана дайын болса, барлығын өзгертуге болар еді», – деген талапты жас жуырда астаналық саябақта өсіп тұрған қара теректің суреттерін де жинау акциясын бастаған.
«Қазір бізде 1958 жылдан бастап, 2015 жылға дейінгі аралықтағы қырықтай фотосурет жинақталды. Мұнымен ғасыр жасаған кәрі ағаштың қала тарихындағы маңызын дәлелдегіміз келеді. Қолда бар деректерге сүйенсек, терек XIX ғасырдың соңында Ақмола кәсіпкерлері мен интеллигенциясының күшімен Заишим паркін (питомникті) салу кезінде отырғызылған. Мұрағатта патриоттар есімі сақталған. Олар – көпес Халиулла Нығматуллин, дәріханашы Петр Евгеньевич Путилов және дәрігер Чигловский. Терекпен байланысты көптеген аңыздар айтылады. Менің ойымша, бұл ағашты сақтап, оған ескерткіш мәртебесін беру керек», – дейді ол.
Сондай-ақ, Теміртас жариялаған «Жастар» шағын ауданындағы ескі мұсылман зираты, жойылған мешіттер мен шіркеулер туралы материалдар оқырмандар арасында қызу талқыланыпты.
Журналисттің «Қаладағы айрықша тарихымен дараланатын қандай ғимаратты атар едіңіз?» деген сұрағына: «Ондай орындар көп. Бірақ олардың арасында таңдау болса, мен үшін екі ғимарат өте ерекше. Бұл – Кенесары мен Әзірбайжан Мәмбетов көшелерінің қиылысындағы Кубрин сауда үйі («Астана» супермаркеті) мен Жамбыл көшесіндегі Ақмола метеостансасының ғимараты (Қазгидромет стансасы). Аталған ғимараттар әу баста ашылғандағы мақсаты бойынша ғасырдан астам уақыт толассыз жұмыс істеп тұруымен бірегей», – деп жауап берген.