Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыртуымен жыл сайын өтетін «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XVI пленарлық сессиясына қатысты. Әлемнің ондаған елінен келген беделді саясаткерлер мен белгілі сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан биылғы форум ғаламдық геосаясаттағы Шығыстың рөлі тақырыбына арналды деп xабарлайды Baq.kz.
Мемлекет басшысы шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан тарихи және географиялық орналасу жағынан Шығыспен де, Батыспен де байланыс орнатқанын атап өтті.
"Біз исламдық, конфуциандық және шығысхристиандық өркениеттердің тоғысында орналасқанбыз. Ұлы Жібек жолы, Алтын Орда, еуразиялық өмір салты қазақтардың мәдени кодының негізгі бөлшегін құрайды",– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, «Азия ғасыры» дегеніміз, бұл – халықтың өсу қарқыны, жалпы ішкі өнім, сауда, өнеркәсіп және жоғары технологиялық өндіріс.
"2018 жылы әлемнің ең табысты 500 ірі компаниясының 210-ы азиялық болған. Азия компаниялары цифрлық технологиялар саласында әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Бұл құрлықтағы елдер ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етіп, халықаралық сауда мен инвестицияларды ынталандыруда",– деді Мемлекет басшысы.
Баяндама барысында ғаламдық және аймақтық дамудың оң тенденцияларымен қатар, сын-қатерлері де айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Корей түбегі, Оңтүстік Қытай теңізі, Кашмир, Ауғанстан, Йемен, Сирия, Палестина-Израиль қақтығыс аймағы, Иран мәселесі секілді көптеген аймақтағы қақтығыс ошақтары геосаясаттағы «баяу жарылатын минаға» айналғанын айтты.
Қазақстан басшысының айтуынша, климаттың өзгеруі де күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала бермек.
"Ғаламдық жылыну мұздақтардың еруін, шөлейттер мен топырақтың құнарсыздануын жылдамдатып жібереді. Осыған байланысты Азиядағы қақтығыстар таза ауыз су көздерін бақылауға қарай ойысуы мүмкін. Ал бұл – Орталық Азия аймағындағы тұрақсыздық тудыруы ықтимал мәселенің бірі екені белгілі",– деп мәлімдеді Президент.