Бүгін Алматы қаласында халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Журналист-аудармашы, қоғамдық саяси қайраткер Шерхан Мұртазаға құрмет көрсетілген күн. Алаштың алдаспанын ту еткен қайраткердің әруағына құран бағышталып, бейітінің басына ескерткіш орнатылды.Сонымен қатар айтулы күнде қарымды қаламгердің өзі тұрған үйге де ескерткіш тақта қойылды, деп жазады zhanaqorgan-tynysy.kz.
Танымал тұлғаға арнап орнатылған ескерткіш тақтайшаның ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Сенат депутаты,журналист Нүртөре Жүсіп, композитор Алтынбек Қоразбаев және ғалым Мекемтас Мырзахметов қатысты. Олар жиналған қауым алдында Шерхан Мұртазаұлының шығармашылығы мен артында қалған құнды дүниелерінің маңыздылығы ешқашан жойылмайтыны жөнінде әңгімеледі.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап алғашқы еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде бастайды. Одан әрі жасаған еңбегі еленіп 1960-63 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») басылымдарында тілші, әдеби қызметкер, редактор, 1970-72 жылы «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» журналының бас редакторы, 1972-75 жылы «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1975-80 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1980- 89 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1989- 92 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары Мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарады.
Сондай-ақ аударма ісімен де айналысқан жазушы Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың, Э.Эрскиннің, Л.Лагиннің шығармаларын ана тіліне аударып, құнды дүниелері халыққа жол тартады.
Ол Қазақстандық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы, Жалпыодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы, "Тарлан" тәуелсіз сыйлықтарының лауреаты (2000). ҚазКСР мәдениетіне Еңбек сіңірген қызметкері. Қазақстанның Халық жазушысы (1992). Қырғыз Республикасының Халық ақыны деген атаққа ие болған.
Бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұрасын қалдырған қаламгер, тарихта халықтың Шерағасы деген есіммен қалған Шерхан Мұртаза 2018 жылы 9 қазан күні 86 жасында қайтыс болды. Денесі жазушы, ауылдасы Бауыржан Момышұлының жанына жерленді.