$ 443.85  474.3  4.8

«Құрылыс басталмай жатып, балықтарға зияны тиіп жатыр»: оралдықтар жаңа көпір салу үшін ағаштарды кесуге қарсы шықты

Мұнда ауланған балықтарды БҚО, Атырау және Ақтөбе облысына тасымалдаймыз. Ал, қазір бизнесіме қауіп төніп тұр.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

8 қазанда Орал қалалық әкімдігінде болған қоғамдық тыңдау кезінде тұрғындар қала орталығын жаңа ауданмен жалғайтын көпірдің салынуына қарсылық танытты. Тұрғындардың бірі көпірді басқа жаққа салуды ұсынса, бірі жобадан тұтастай бас тартуды талап етті, деп хабарлайды azattyq.org.

Әкімдік өкілдері тұрғындардың ұсыныстарын ескеруге уәде берді. Бірақ қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов құрылыс жобасы бекітіліп қойғанын да ескертті.

Тұрғындар бәрінен бұрын ағаштардың кесілетініне және үйлердің бұзылатынына алаңдап отыр. Шаған өзені арқылы өтетін жаңа көпір қала орталығын «Ақжайық» шағын ауданына жалғауы тиіс. Көпір 2020 жылдан бастап салынбақ.

Жобаға сәйкес, жаңа көпір салу үшін 1500 түп ағаш кесілмек. Бұған қоса, болашақ көпір маңындағы төрт тұрғын үй мен бірнеше жер телімі бұзылады.

«Жол саябақты кесіп өседі. Бұл саябақ қаланың «тыныс алуы үшін» өте маңызды - мұнда ағаш көп, таза ауа, бала-шағамызбен бірге серуендеп үйреніп қалғанбыз. Ал сіздер ағаштарды кесіп, жол салайын деп жатсыздар. Бұл қала экологиясына тікелей әсер етеді. Жаңа жол, көпір салынса, айналаға қанша газ жайылады? Сіздерде бұған қатысты қандай да бір дерек немесе есеп бар ма? - деді тұрғындардың бірі Болат Жұрмұхамбетов.

Қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов мұндай есеп жүргізілмегендіктен бұл сұраққа жауап бере алмайтынын айтты.

«Қазір біз қоғамдық тыңдау өткізіп, жаңа көпір жобасын талқылап жатырмыз. Бұл әзірге жоба ғана және құрылыс жайлы әңгіме әзірге қозғалған жоқ», - деді Тоқжанов. Бірақ, ол жобаның бекітіліп қойғанын да ескертті.

Жергілікті кәсіпкер Михаил Марченко жаңа жоба балық шаруашылығына кері әсерін тигізеді деп санайды. Ол осында бірнеше көлшікте балық өсіреді.

«Құрылыс басталмай жатып, балықтарға зияны тиіп жатыр: көп техника, құрылыс жұмыстары, қоқыстар, қалдықтар - осының бәрі көлшіктегі судың сапасына әсер етіп жатыр. Бұл шаруашылықпен айналысып келе жатқаныма он жыл болды. Мұнда ауланған балықтарды БҚО, Атырау және Ақтөбе облысына тасымалдаймыз. Ал қазір бизнесіме қауіп төніп тұр», - деді Марченко.

Ал Бекжан Тоқжанов жол және көпір құрылысы балық шаруашылығына әсер етпейді деп сендіруге тырысты. Алайда, кәсіпкер әкімдік өкілінің сөзіне күмән келтірді.

Тұрғындар мен билік арасындағы диалог бірнеше сағатқа созылса да, жиналғандар ортақ шешімге келе алмады. Кездесу соңында тұрғындар көпір құрылысы бойынша дауыс беруді ұсынды, бірақ қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов «нақты жағдайда бұл қажет емес» деді. Ол журналистер сұрақтарына жауап бермей, залдан кетіп қалды.

Шаған өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы 2020 жылы басталып, 2022 жылы аяқталуы тиіс. Қоғамдық тыңдау кезінде жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 8-13 миллиард теңге жұмсалатыны айтылды.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары