$ 494.87  520.65  4.91

Цифрлық технологияның дамуы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді

Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ның ұйыдастыруымен «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуда сандық технологиялардың рөлі» атты аймақтық конференция өтті.
Фото: Алматы-ақшамы
Фото: Алматы-ақшамы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы IT шешімдерді талқылауға және өзара тәжірибе алмасуға Орта Азия аймағы мен Ресей Федерациясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшылары қатысты. 

ЕҚЫҰ отырысында сөйлеген сөзінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын және олардың сыбайлас жемқорлықты төмендетудегі рөлін атап өтті.

«Қазіргі таңда әрбір сала бойынша цифрлық сауаттылықты арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, балаларға арналған мыңдаған ақысыз IT-сыныптар ашылды. Республика бойынша 686 мың адам базалық құзіреттілік бойынша білім алды (мобильді дағдылар, интернет арқылы жұмыс жасау, қауіпсіздік, мәліметтерді қорғау және т.б.). 7,8 млн адам электрондық үкіметтің дағдыларын, 765 мың адам электрондық коммерция дағдыларын үйренді», - дейді Алик Шпекбаев.

БҰҰ рейтингісіне сәйкес, 2018 жылы Қазақстан электронды үкіметтің даму деңгейі жағынан Азия елдері арасындағы үздік сегіздікке енген. Нақтырақ айтқанда 193 мемлекеттің арасында Қазақстан 39-шы орынға тұрақтаған. Ал өз кезегінде электронды қызметтер бойынша - 25 орынға ие.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы нақты көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 71%-ы электронды түрде, 16%-ы халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізілген. Яғни, атқарылған мемлекеттік қызметтің 87%-ы адам факторынсыз жүзеге асқан. Бұл шаралар ішкі сыбайлас жемқорлықты айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.

Ақпараттық технологиялардың көмегімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін басқа да қадамдар жасалады. Осындай бір мысал – «Ашық бюджет» интерактивті картасын енгізу.

Жиын қорытындысы бойынша, ЕҚЫҰ мен халықаралық мүдделі тараптардың қатысуымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында цифрлық технологияларды енгізудің негізгі бағыттарын айқындайтын құжат қабылдады. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары