«IDC рейтингіне Орта Азия елдерінің қалалары бойынша енген алғаш және жалғыз қала - Алматы. Егер цифрландыру деңгейі бойынша Алматыны ТМД елдерінің қалаларымен салыстырсақ, біз үшін ең басты бәсекелес - Мәскеу. Бірақ біздің жеке инфрақұрылымымыз, оның алғышарттары, өзіміздің сандық экожүйеміз бар. Кейбір көрсеткіштер бойынша біз өзімізді 10 миллионнан астам халқы бар мегаполистермен техникалық түрде салыстыра алмаймыз. Десек те қала халқының тұрмысын оңтайландырып, сапалы қызметтер аясын кеңейтуге барынша жағдай жасаймыз. Сонымен қатар қаланы цифрландыру барысында қызметтердің сандық көрсеткіштеріне ғана емес, сапалық көрсеткіштеріне де басымдық беріледі. Нақты айтқанда біз цифрлық қызметтің артықшылықтарына мән береміз», - деді Баян Қоңырбаев.
Басқарма басшысы қаланың цифрландыру бағыты бойынша сапалы жүзеге асып, пайда әкелген жобалар бойынша да айтып өтті. Мәселен, қазір қаладағы білім беру саласын цифрландыру бойынша Bilimalmaty.kz жүйесін іске қосу арқылы баланы мектепке электронды түрде тіркеуге және оны жүйеде бақылауға мүмкіндік бар.
Сонымен бірге, Aparking жүйесі аясында 2,7 млрд теңге инвестицияланып, 2013- 2015 жылға дейінгі салықтық түсімдер 73 млн теңгеден 783 млн теңгеге дейін көтерілген. Аталған жүйе негізінде 2016 - 2018 жылдары көлік тұрағы ақысын төлемегендерге 552 млн теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар қазір қала көлемінде 100-ден астам төлем терминалдары мен онлайн-төлемдер жүргізу үшін мобильдік қосымша жұмыс жасайды.
Баян Қоңырбаевтың айуынша, автоматтандырудың тағы бір көрінісі – «Оңай» төлем жүйесі. Осы жүйе нәтижесінде жол жүру ақысын төлеу ашық жүргізіліп, қаланың автобус парктерінің табыстылық көрсеткіштерінің жалпы 60% - ға артуын көрсеткен.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қалада 181 қызметтің 145-і автоматтандырылған. Сондай-ақ, қаланы цифрландыру бағыты бойынша 2018 жылы 30 млрд теңге инвестицияланып, биылғы жылы 21 млрд теңгені игеру жоспарлануда.