10.10.2019, 13:00

Тарихи сурет: елден тоғыз жасында кетіп, тоқсан жасында оралған ақсақал

Кіндік қаны тамған жерін сағынған Сағынай қарт жүрелеп отыра қалып, еңкілдеп жылап жіберген. Оны бір жас жігіт құшақтап жұбатып тұр. Сезімі сергек адамды бейжай қалдырмайтын кадр.

Желі қолданушысы Болат Омарәлиев facebook парақшасына өзінің бұрын Қызылорда әуежайында түсірген фотосуретін жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Бұл суретте Сағынай Қарабазар деген ақсақалдың туған жеріне келіп, туған жердің топырағын сүйіп, жылап отырған көрінісін 1993 жылы Қызылорда әуежайынан суретке түсіріппін. Сағынай ақсақалдың кешегі «Қызылдар қырғынынан» тоғыз жасында Ауған асып, тоқсан жасында елге оралған беті» деп жазған автор.

Кіндік қаны тамған жерін сағынған Сағынай қарт жүрелеп отыра қалып, еңкілдеп жылап жіберген. Оны бір жас жігіт құшақтап жұбатып тұр. Сезімі сергек адамды бейжай қалдырмайтын кадр. Сол себепті, жазба астына пікір қалдырған көпшілік «Мәні терең, әсерлі сурет!», «Біздің қазақтың қасіреті», «Елім деп еңіреп келер ағайын да азайды-ау, кінә да жоқ шығар...», «Еріксіз көзіңе жас келеді екен», «Ой, не деген жүрекке ауыр тиетін сурет!» деп өз әсерлерін бөліскен.

Тегтер: сурет ақсақал