ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Сенат депутаттары «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына кәмелетке толмаған баланы жиналыстарға, митингтер, шерулер мен демонстрацияларға қатыстырғаны үшін жазалауды қарастыратын түзету енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Заң жобасына мынадай өзгерістер ұсынылуда.
«Ұсынылатын түзетулер: 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (...) 128-ші бап мынадай редакцияда жазылсын: «128-бап. Кәмелетке толмаған адамды әкімшілік құқық бұзушылыққа тарту.
1. Кәмелетке толмаған адамды әкімшілік құқық бұзушылыққа тарту, осы баптың екінші бөлігінде көзделген әрекеттерді қоспағанда, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кәмелетке толмаған адамның ҚР заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылатын жиналыстарға, митингтерге, шерулерге, демонстрацияларға және өзге түрдегі наразылық білдірудің қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделік әрекетіне қатысуы, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамды қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделік наразылық білдірудің аталған формаларында пайдалану 100 АЕК айыппұлға немесе он күнге дейін әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады», - делінген құжатта.
Сенаторлар «азаматтар кәмелетке толмаған балаларымен рұқсат етілмеген митингтерге барып, сол арқылы бала денсаулығын, физикалық және психикалық дамуын бұзатын жағдайлар кездесуде», - деп атап өтеді. Соған байланысты кәмелетке толмағандарды рұқсат етілмеген митингтерге қатыстыру мен пайдалану үшін әкімшілік жауапкершілік ұсынуда.