$ 446.49  475.38  4.79

Көкшетау соттарында «Үлгілі сот» жобасын іске асыру үшін фронт-офис ашылды

Фронт-офистің ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов, Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смаилов және құқық қорғау органдарының басшылары, сала ардагерлері, судьялар, сот қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Фото: Toppress.kz
Фото: Toppress.kz

Көкшетау соттарында «Үлгілі сот» жобасын іске асыру үшін фронт-офис ашылды. Бұл туралы Көкшетау сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Фронт-офистің ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов, Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смаилов және құқық қорғау органдарының басшылары, сала ардагерлері, судьялар, сот қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Сот жүйесі жұмысын жаңғырту және қызмет сапасын арттыру үшін республика соттары жүйесі қолданысқа жаңа технологиялар енгізді. Бұл бастама халықпен жұмыс жасаудың жаңа үлгісін және тұтынушылардың сот жұмысына сенімін арттыруға ықпал етеді» - дейді Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров.

Сондай-ақ, облыстық сот төрағасы ұжымды жаңа жобаның бастамасымен құттықтап, тұтынушыларға сапалы және пайдалы жұмыс жасауына сәттілік тіледі. «Үлгілі сот» жобасы негізінде ашылған фронт-офис азаматтарға ұсынылатын сот қызметтері мен сервистерінің сапасын арттырып, сот жұмысын оңтайлы ұйымдастыруға мүмкіндік беретінін және сот ісіне жүгінген азаматтарға ыңғайлы жағдай туғызатынын айтып өтті.

Шара барысында сөз алған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов та құттықтау сөз сөйлеп, ұжымға табысты жұмыс тіледі. Сонымен бірге, фронт-офистің азаматтарға ыңғайлы және қызмет көрсетуде маңызы зор екенін айтты.

Фронт-офисте сот жүйесі жұмысын тұтынушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Атап айтсақ, кеңсе заманауи техникалық жабдықтармен жасақталып, арнайы ақпараттық орталық қызметін де ұсынады. Бұл орталықта сотқа өтініштерді рәсімдеу мен өткізу, сот өндірісінде жүргізіліп жатқан істер мен материалдарды қарау процесі, сот отырыстарының өтетін уақыты, кіріс хаттар мен өзіне-өзі қызмет көрсету туралы мәліметтерді алуға болады.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін ел дамуындағы жетекші салаларды цифрландыру белсенді жүргізілуде. Ал аталған шара Көкшетау өңірін цифрландыру аясында жүзеге асырылып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары