$ 494.87  520.65  4.91

Елімізде проактивті қызметтер саны 17-ге жетпек

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында белсенді түрде көрсетiлетін қызмет саны артады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсiбi министрлiгiнiң баспасөз қызметі хабарлады.

Проактивтi формат арқылы азаматтар мектепке қабылдау, әлеуметтік тәуекелдер жағдайлары бойынша төлемдер тағайындау, жылжымайтын мүлiктi тiркеу және т.б. қызметтердi алатын болады.

«Аталған шешiм ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсiбi министрi Асқар Жұмағалиевтiң қатысуымен өткен мемлекеттiк қызметтердi оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы кезінде қабылданды. Бүгінгі таңда проактивтi қызмет санын арттыру мақсатында заңнамаға және Мемлекеттiк қызмет көрсету стандарттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуде», – делiнген жазбада.

«Белсендi қызметтiң» 17 түрiне 27 мемлекеттік қызмет топтастырылып, бұл жұмысқа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, ҚР Әдiлет министрлiгi, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi және ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi жұмылдырылған. Неге десеңiз, аталған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерiнде қызмет көрсетуге қажетті мәлiметтер қоры сақталған.

Айта кету керек, елiмiз белсендi түрде қызмет көрсетудi жүзеге асырған ТМД-дағы тұңғыш мемлекет. Бүгiнде проактивтi қызметтiң 3 түрi пилоттық режимде көрсетiлiп жатыр. Атап айтқанда, «Алтын алқа» және «Күмiс алқа» белгiлерiмен марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттiк жәрдемақы тағайындау, мемлекеттiк кепiлдiк төлеу, сондай-ақ бала тууды тiркеу.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың желтоқсанында қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында азаматтардың қажеттiлiктерiн түсiнiп, мекемелерге олардың бару қажеттiлiгiнсiз мемлекеттiк қызметтер көрсету үшiн олармен байланысатын модель қалыптастыру көзделген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары