Алматыда туған ұлын шыбын ұрғышпен соққан әке әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл фактіні Алатау аудандық полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау кезінде анықтады. Ер адам баланы шыбын ұрғышпен салып жіберіп, содан кейін қолына жерде жатқан арматураны алды, бірақ, онымен ұрмады.
«Жергілікті полиция қызметкерлері оқиғаны жедел тексерді. Бұл «Рахат» шағын ауданында болған. Бейнежазбадағы ер адамды бірден анықтадық. Оның 38 жастағы жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Ер адам бұл фактіні жоққа шығарған жоқ. Ол өзінің 2008 жылы туған ұлын осылайша тәрбиелегенін жеткізді.
Отбасы толық. Тұрмысы жақсы. Оқу орнында балаға жақсы сипаттама берді. Учаскелік инспекторлар баланы ұру фактісі бойынша әкімшілік материал жинақтады. Бұл материал Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қарауына жолданады», - деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Берік Әбілбеков.