$ 494.87  520.65  4.91

Анкара «Алтын адамды» шығарып салды

Қазақстандық көрмені тамашалау үшін аталған музейге шамамен 50-60 мыңға жуық халық бас сұққан.

2019 жылғы 13 қазанда Түркия астанасы Анкара қаласының астана ретінде бекітілгеніне 96 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар аясында Анадолы өркениеттері мұражайында «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесінің ресми жабылу салтанаты өтті.

Анкара губернаторлығы және қала әкімдігінің қолдауымен және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Анкара губернаторы Васип Шахин, Анкара қаласының мэрі Мансур Яваш, Анкара аудандық муниципалитеттерінің басшылары, Түркияның зиялы қауым өкілдері, шетелдік дипломаттар, Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер, БАҚ өкілдері және жергілікті халық қатысты. 

Жиын басталмас бұрын мұражай алаңында Түркия елордасының символына айналған Анкара сейменлерінің дәстүрлі шеруі өтіп, анкаралық өнерпаздар өз өнерлерін жұртшылыққа паш етті.

Салтанатты жиын «Отау» түркі әлемінің ән мен би қоғамдастығы ұжымы ұсынған шағын концерттік бағдарламамен басталды. Қоғамдастық өнерпаздары қазақтың күйі және дәстүрлі биімен жиналған қауымды тәнті етті.

Жиын қонақтары «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін аралап, қазақтың тамыры терең тарихын танып білді. Жиналған қауым көрмені ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

Айта кетелік, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «ТҮРКСОЙ» халықаралық түркі мәдениеті ұйымының және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен 2019 жылғы 12 қыркүйек - 12 қазан аралығында «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы аясында Анкарадағы Анадолы өркениеттер мұражайында «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ұйымдастырды.

Анадолы өркениеттер мұражайына айына орта есеппен 25-30 мыңға жуық адам келеді екен. Ал қазақстандық көрмені тамашалау үшін аталған музейге шамамен 50-60мыңға жуық халық бас сұққан. 

Анкара 1923 жылғы 13 қазанда Түркия Республикасының астанасы болып жарияланды. Биыл ел астанасының көшірілгеніне 96 жыл толып отыр. Жыл сайын осы күні парламент депутаттары, Анкара губерниясы, қала және орталық мемлекеттік органдардың басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері және т.б. дәстүрлі мерекелік шеруге қатысады.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#көрме #Анкара