Бекболат Тілеухан орта білім саласындағы елді әбден титықтаған мәселер шешілетін болса, білім және ғылым министрінің хатшысы болуға дайын екенін мәлімдеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы белгілі журналист Төлен Тілеубайдың facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.
Білім саласында қордаланған өзекті мәселелерді шешуге білек сыбана кірісуді министрге өтінген Бекболат Тілеуханның сөзіне үңілсек, ол көкейіндегі түйткілдің шешілуі үшін тіпті, депутаттық «жылы орнын» босатып, есіктің аузында отыратын хатшы болуға әзір.
Министрге өтініш, яки ұсыныс айту барысында, жасын, шашындағы ағы мен атағын қоса келе, Аймағамбетовтің астына «Жігітсің, азаматсың ғой» деген жылы сөздерімен көпшік қоя сөйлеген Бекболаттың сөздеріне көзжүгіртелік!
«Бекболат ағамыз Асхат Аймағамбетовке бүй деді: «Жасыратыны жоқ орта білімдегі сорақылық, оқулық мәселесі қоғамның титығына тиіп бітті. Бала түгілі ата-анасы түсінбейтін тақырып, шешілмейтін есеп қоғам тарапынан қандай сынға ұшыраса да міз баққан жүйе жоқ. Мазақ па, енжарлық па, оны түсінбедік. Бізде Конституция бойынша негізі жалпы білім алу ақысыз, бірақ, жақсылап оқыту үшін репетитор жалдауға мәжбүр боламыз!
Бұл - құрдым! Құрдымға қарай кетіп бара жатырмыз! Бұл жүйе қай жағынан келсек те, сын көтермейді. Еліміздегі оқулық шығару, мұғалімдер дайындау жүйесін қайтада қарамай, осы бетімізбен кете беретін болсақ, мына түрімізбен шегіне берсек - ұрпақ миақы болады! Мұндай нәрсемен біз ешқашан мемлекет құрай алмаймыз! Орта білім беру жүйесі түбегейлі өзгеру керек!
Бердібек Мәшбекұлы, енді сізге сенеміз! Бүкіл халық өзіңіздің бетіңізге қарап отыр.
Асхат, жас жігітсің енді! Азаматсың ғой, енді бір қажыр-қайратпен осы нәрсеге кірісейікші! Асхатжан, айналайын, сенен жасым да, тәжірибем де аз емес. Регалиям да, атақтарым да көп-ау деймін! Тап осы мәселе шешілетін болса, депутаттық мандатымды беріп, сенің қабылдау бөлмеңе көмекші, хатшы болып баруға дайынмын!».
(21.10.2019. Мәжілістегі Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қаратып айтқан сөзі)», — деп жазды әріптесіміз.
Министрге өзекті саланың кемшіліктерін реттеуді өтінген Бекболат Тілеуханның сөзінде тұру-тұрмауы әзірге уақыт еншісінде.