Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы кешкі келушілерге есігін ашты. «Мұражай променадына» сабақтан тыс уақытта ЖОО мен колледж студенттері жиналды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мұражайлар шеруі» республикалық акциясы шеңберінде қаламызда танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Жастар сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарға қуана қатысты. Сақ мәдениеті залында «Көшпенді өркениет мұрасы» халықаралық қоғамдық қорының маманы Қыдырғалиұлы Дайыр түркі сауаттылығы бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Интерактивті фотоаумақтар да танымал болды. «Мұражай променадының» қатысушылары шахтерлік құрал-жабдықтармен суретке түсті. Студенттер Қарағанды қаласының алғашқы құрылысшыларының шатырларында және киіз үйде суретке түсті.
Мұражай қызметкерлері келушілерге квесттер мен викториналар дайындады. Дұрыс жауаптар үшін ұпайлар есептелді. Тарих білгірлері мұражай кафесінде шай мен тәттілерге айырбастауға болатын арнайы банкноталарды ұтып алу үшін сайысты.
Кешкілік «Мұражай променады» қарағандылықтарға қатты ұнады. Қатысушылар осындай акцияның жиі өткізілуіне тілек білдірді.
«Мұражайлар шеруі» эстафетасын басқа мекемелер де қабылдады.
22 қараша күні кешке ҚР Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығы «Үлкен жолдың кезеңдері» атты іс-шараға шақырады.
21 желтоқсанда Қарағанды бейнелеу өнері мұражайы викториналар, байқаулар және интерактивті ойындар қарастырылған «Мұражай түні. Жаңа жылдық әбігер» шарасын өткізбек.
Теміртау тарихи-өлкетану мұражайы 2020 жылдың қаңтар айында келушілерге арналған «Қысқы ойындар мен қамқорлық» ойынын жоспарлап отыр.
Келесі жылы республикалық акцияға облыстың қалалары мен аудандарының мұражайлары да қатысады.
Республикалық «Мұражайлар шеруі» акциясы 2019 жылдың тамыз айының соңында басталды. Шараны бүкіл ел бойынша қолдады. Оның шеңберіндегі барлық іс-шаралар, көрмелер мен кездесулер тегін өтеді.
Акция әрбір қазақстандық үшін ұлттық мәдени мұраның қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мұражай қызметкерлері шара арқылы жаңа форматтарды пайдаланады.