$ 494.87  520.65  4.91

«Мына тірліктерің жарамайды»: желі белсендісі біздегі латын графикасын сынады

Біздің тіл мамандары ұсынған мына латын графикасы арқылы бізді ғылым тіліне ілестірмек түгілі, ана тілімізді сауатсыз еткелі отыр. Әйтпесе, анау диакритикаларды қалай оқимыз?
фото: turkystan.kz
фото: turkystan.kz

Жақында ғана президент  Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты мамандарға латын әліпбиіндегі олқылықтарды түзету жөнінде тапсырма берген еді. Іле-шала жаңа әліпбиге қатысты  көпшілік пікірлерін қарша боратты.  Әсіресе, латын графикасына көшу мәселесі қозғалғанда әлеуметтік желідегілер белсенділік танытуда.

Мәселен, Бағлан Көке деген аккаунтпен тіркелген желі қолданушысы өз ойын жеке парақшасына қалдырды. Ол жазбасында тілді реформалаудың күрделі әрі ауқымды іс екенін ескерткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Сондай-ақ, әліпбиді жасаушы ғалымдар мен арнайы мамандардың ісіне көңілі көншімейтінін жасырмаған.

"Дәл осы жерде бір қадам алға, екі қадам артқа жасаудың керегі жоқ. Орыс тілінен тілімізді оқшаулау үшін халықаралық тілге жүгіну керек.

Заманауи түрік тілі осман тілі әсерінен құтылу үшін француз тілінен сөздерді жаппай қабылдағаны бар. Қазір инновация деп жүрген ағылшын сөзі бізге орыс тілі арқылы өтіп кетті. Орижинде ол innovation еді. Оригинал деген сөз де орыс арқылы келген. 

Алайда, таныс иттің үргені жылы естіледі демекші, бізге анау ағылшын түбір жарғақ құлағымызға түрпідей тиіп отыр деп қате түсініп жүргендер сан алуан.

Тілді реформалау - өте қиын әрі күрделі іс. Біздің тіл мамандары ұсынған мына латын графикасы арқылы бізді ғылым тіліне ілестірмек түгілі, ана тілімізді сауатсыз еткелі отыр. Әйтпесе анау диакритикаларды қалай оқимыз?

Санаға сіңген сонша әріпті қалай жаңаша форматтаймыз? Әйтпесе, игріктің төбесіне ноқат қойып, оны "У" әрпі етіп оқыту қай жұмырбастың ноқатына келді екен? Немесе І, Ы, Й әріптерінің бас әрпін бір ғана І әрпіне сыйдырып не керек? Екі дауыстыны бір әріпке жасырсаң, әңгіме бөлек, алайда екі дауысты және бір дауыссызды бір әріпке жасырғанда қисын қандай?

Гүлдеріміздің деген сөзді латын графикасында жазсаңыз, көріністің өзі адам жүрегін айнытады. Бұдан біздің осы латын графикасының айналасында жүргендер тіпті прагматик емес екенін білуге болады. Сонымен қатар, икемделу - өте жақсы қасиет, сәт сайын өзгеріп жатқан дүниеге икемделу - таптырмас өнер.

Алайда, осыған дейін брендеп келген KZ брендімізді QZ-ке ребрендинг жасағанда мақсаттарыңыз тек ақша шашу ма? Кешегі Астана атын Нұр-Сұлтан атына өзгертіп, қыруар қаржыны желге шашып едік, енді мынау миллионға жетпейтін астана емес, 18 000 000 халқы бар бір елдің атын өзгерту. Түсініп отырған шығарсыздар, елдің жазба аты ауысқанда, оның ескі жазба аты барлық жерде өзгеруі керек екенін?! Бұл қаншама қаржы?!

Құрметті, латынның өтірік болса да сойылын соғып жүрген көшеден келген "ғалымдар мен мамандар", мына тірліктерің жарамайды! Қолдарыңнан келмесе, құр босқа тыраштанбай-ақ, өзгеге орын босатуды үйренсеңдер екен. Жантақ қанша гүлдесе де раушан болмайды ғой", - деп жазды Бағлан Көке facebook парақшасында. 
 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары