$ 449.58  486.94  4.86

«Өте қымбат дәрі»: шығыста жеке дәріханалар жаппай жабылуда

Отыз дәріхана жұмысын тоқтатса, тағы жетпісі соған тақау тұр. Кәсіпкерлер мемлекет тарапынан болатын тексерістердің көбейгенін айтады. Кей өлкелерде онкологиялық ауруға шалдыққандар тегін берілетін дәріні дер кезінде ала алмай жүр екен.
фото: inform.kz
фото: inform.kz

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде кедергілер көп, деп хабарлайды «Хабар 24».  

 Күні кеше еліміздің шығысында жеке дәріханалардың жаппай жабылып жатқаны айтылды. Отыз дәріхана жұмысын тоқтатса, тағы жетпісі соған тақау тұр. Кәсіпкерлер мемлекет тарапынан болатын тексерістердің көбейгенін айтады. Кей өлкелерде онкологиялық ауруға шалдыққандар тегін берілетін дәріні дер кезінде ала алмай жүр екен. Мысалы, Шымкенттегі онкологиялық орталыққа 10 түрлі дәрі кешігіп жеткен. Алматы мен Қостанайда да осындай олқылық болды.

Ауру айтпай келеді. Галина Жукованың денесіндегі қал қатерлі ісікке айналған. Содан бері мазасыз күй кешіп, дерттің емін іздеп жүр. Елде 4 ай химиятерапия алған. Алайда, нәтиже болмаған. Кейін Челябі қаласының дәрігерлеріне көрінген. Олар ісіктің нақты осы түріне әсер ететін бірнеше дәрі жазып беріпті. Алайда, Қостанайдағы онкологиялық орталықта кедергілер туындағанын айтады. 

Галина Жукова, Қостанай қаласының тұрғыны: 

«Тафинларды» 2 ай күттім. Өте қымбат дәрі. Кез келген адам сатып ала алмайды. Тек диспансер арқылы аласың. Қазан айынан бастап дәрі келген жоқ. Енді қарашада күтіңдер деді. Біз сияқты сырқаттар емді үзсе, дертіміз асқынып кетеді. Екіншісі «Мекинист» тегін берілетін дәрілер тізімінде жоқ. Оны қашан қосатынын білмеймін. Қазан айынан бастап, дәрі ішуім керек еді. Алайда, осылай үзіліс болды. Тұрақты ем алу мүмкін емес». 

Сырқат 3 аптадан бері дәрісін ішпеген. Аты жаман аурудың тез асқынатынын ескерсек, бұл – үлкен проблема. Рак ауруына шалдыққандарды қолдау қорының өкілі дәрімен қамтамасыз ету мәселесінде уақытпен санасудың жоқ екенін айтады. Тапсырысты қабылдау, дәріні сертификаттау, оны жеткізу сияқты рәсімдерге айдан астам уақыт кетеді. Яғни бір тараптың ғана кінәсі емес дейді. 

Әсия Мақанова, қатерлі дертке шалдыққандарды қолдау қоғамдық қорының жетекшісі: 

«Бұл мәселе тек «СК Фармацияны кінәлауға болмайды. Көптеген себебі бар. Дәріні жеткізудің арнайы кестесі жасалған. Яғни әр ай тапсырыс беріледі. Егер қыркүйекте дәріні айдың басында жеткізсе, қазан айында айдың соңында жеткізген. Сондай-ақ қосымша тапсырыс көлемі деген бар. Мысалы, онкологиялық диспансер негізгі жалпы көлемге және қосымша көлемге тапсырыс береді. «СК Фармация» қосымша келісім жасайды. Одан кейін сертификаттауға бір ай уақыт кетеді». 

«СК-Фармациядағылар соңғы жылдары қосымша тапсырыстардың көбейгенін растады. Яғни жаңадан есепке алынып жатқан сырқат көп. Жылдың басында кесте бойынша жоспарланған дәрілер жетпей қалады. Әр өңірдегі онкологиялық орталықтар қоймадағы дәріні тауыса бастағанда, қосымша тапсырыс береді. Ондай жағдайда, тағы да сол, түрлі рәсім уақыт алады. 

Берік Шәріп, «СК Фармация» ЖШС төрағасының міндетін атқарушы:

 «Қосымша тапсырысты олар әр айда бере алады. Бірақ, енді бір айдың ішінде кейбір дәрі-дәрмекті жеткізу өте қиын болады. Әсіресе, мысалы литразол дәрі-дәрмек, бүкіл еліміз бойынша бұл дәрінің қажеттілігі жыл бойы 3 есе көтерілді. Сол себепті әрине, көлем 3 есе көтерілгенде жеткізу өте қиын. Бірақ біз өзіміздің қоймалардағы қалдықтарды уақытында жеткіздік. Өзіміздің көлем жеткілікті болмағандықтан, қосымша шарттастық және өндірушіден күтіп отырмыз».

 Ал Галина Жукова айтқан «мекинист» дәрісі расымен тегін берілетін дәрі-дәрмек тізімінде жоқ. 

Берік Шәріп, «СК Фармация» ЖШС төрағасының міндетін атқарушы:  

«Мекинист» біздің біріңғай дистрибьютер тізіміне кірмейді. Ол клиникалық хаттамаға кірген жоқ. Жаңа дәрі. Клиникалық зерттеу ретінде бірнеше компания нарыққа кіргізіп жатыр. Бірақ қауіпсіздігін, тиімділігін ДСМ дәлелдеу керек». 

Мемлекет онкологиялық сырқаттарды емдеуге жыл сайын 36 млрд теңге бөледі. 180 мың адам есепте тұр. Жыл сайын 35 мың адамнан қатерлі ісік табылады. Дәрігерлер «ерте анықталған ауруды емдеуге болады» дейді. Алайда жеткізу рәсімі созылып, сырқаттар 2-3 апталап дәрі күтіп жүргенде, ерте анықталған сырқаттың өзі меңдеп кетпей ме? 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары