1986 жылы мен 3-курс оқып жүрген кезімде Алматыда Желтоқсан көтерілісі болды. «Қазақтар өзін-өзі басқара алмайды», – деген желеумен ұлтты менсінбеушілік сол кездегі қазақ жастарының намысына тиді. Желтоқсанның 16-сы күні Колбинді Қазақстан Компартиясының бірінші хат- шысы болды дегенді естігенде бəріміз жи- налып түнімен талқылап, өз пікірімізді алаңға шығып білдірейік деген ойға келдік.
Келесі күні институтқа барып «советское право» деген сабақтан группаның студенттерін сұрап алдым. Сосын өзге ұлтың өкілдеріне «сендер барамыз десеңдер бізбен бірге жүріңдер. Барғыларың келмесе боссыңдар. Ал қазақтар бəріміз барамыз», деп жатақханадағы барлық студенттер түгел алаңға жиналдық. Біз келгенде алаңда жастар көп жиналып қалған екен. Мінберге шығып пікірімізді білдірмекші болған ниетімізге тəртіп сақшылары кедергі жасап, жеткізбеді. Сол кезде менің қолымда дауыс ұлғайтқыш болған, сол арқылы өзімнің пікірімді айттым. Жастардың бар мақсаты «Əр ұлтқа өз басшысы болуы керек!» деген пікірмен бейбіт шеру өткізу болатын. Сонда бəріміз тұрып, бүгінгі əнұранымыз «Менің Қазақстаным» əнін шырқадық. Сол əн алаңдағы жастарға ерекше рух берді. Дəл сол сəтте ешкімнің ойында қорқу деген мүлдем болған жоқ. Бірақ біз біреуге тиісіп, таяқ лақтырып, тас атқан жоқпыз. Екі арада арандатушылық тудырған – құқық қорғау органының өкілдері. Жастарды тыңдап, олармен санасудың орнына күш қолданды. Өрт сөндіргіш мəшинелермен су шашты. Алаңдағыларға адам екен деп қараған жоқ. Бірақ қанша күш қолданса да, жастарды алаңнан қуа алмады. Колбиннің кеңседен шықпай күш қолдануы жастардың да ызасын келтірді. Содан бастап жастар мен құқық қорғаушылар арасында қақтығыс басталды. Бір-бірімізбен қапталдаса жүріп, біреуінің қол шоқпарын, біреуінің қалқанын тартып алып өздеріне қарсы шабуылға көштік. Бейбітшілік көшесінде мəшинелерді аударып тастап, қорған жасап алдық. Шабуылдаймыз, олар бізді қорғанымызға дейін ығыстырып əкеледі. Сəл əлденіп алғаннан кейін қайта қарсылық танытуымызға сол қорғанымыз біраз көмек болды. Əрине, оларда қару көп, бізге бой бере қоймайды. Оның үстіне əскери мəшинелер көп болып жиналып қалыпты. Ақырында қоршауда қалатын болғасын амал жоқ шегініп, қолға түспей қашу керек болды. Сонымен қашып жатақханамызға келдік. Таяқ жегенбіз. Үсті-басымыздың быт-шыты шыққан. Түнімен плакаттар жазып, есімізді жинап ертесіне қайтадан алаңға шығайын десек, есіктің алдынан шығармады. Бірақ жатақхананың артқы жағынан шығатын жер тауып, бəріміз тағы алаңға қарай бет алдық. Ол кезде əскерилер алаңды қоршап тастап, ішке кіргізбей тұр екен. Жиналған жастар əн айтып келіп алаңға тірелдік. Сол жерде тағы да қақтығыс болды. Тағы да біздің шегінуімізге тура келді. Арада екі ай өткеннен кейін мені алаңда түсірілген суретім арқылы тауып алып, сегіз айдай тергеу жүргізді. Олар мені үш жыл тексеруде болатынымды, егер басқа да деректер табылатын болса, 5 жыл бас бостандығымнан айыратындарын айтты. Мен аман-есен оқуымды бітіріп шықтым. Ол кезде 3-курстан кейін кімнің қайда жұмысқа баратындығы туралы жолдама беріліп қоятын. Менің сабақ үлгеріміме, белсенділігіме байланысты кафедрада оқытушылыққа қалдыратын болған. Бірақ сол Желтоқсан көтерілісінен кейін маған деген көзқарастары өзгеріп, жолдамасыз қалдым.
Жазып алған Олжас СӘНДІБЕК