$ 494.87  520.65  4.91

«Рухани жаңғыру»: қаламгерлер бағдарлама аясында марапатталды

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, келесі айда тағы 60 қаламгерге қаржылай гранттар табысталатын болады.
Фото: Ана тілі
Фото: Ана тілі

Бүгін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы әкімі Бақытжан Әбділұлы Сағынтаев Жазушылар одағының 90 қаламгеріне қаржылай гранттар табыстады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бүгін Алматыдағы зиялы қауым, қаламгерлер қалалық әкімдікте бас қосты. Оларға қала басшысы Бақытжан Әбдірұлы әрқайсысы 500 мың теңге болатын қаржылай гранттар табыстады. Қала әкімінің грантына бүгін 90 қаламгер ие болды. Олардың арасында еліміздің руханиятына аянбай еңбек етіп жүрген Софы Сматаев, Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай сынды белді тұлғалар бар.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, келесі айда тағы 60 қаламгерге қаржылай гранттар табысталатын болады.

«Айтылған нәрсе айтылған күйінде қалмауы керек қой. Оның әрі қарай жасалған іс шараларды көрсету керек. Бүгінде өздеріңізбен соған байланысты кездесіп отырмыз.

Енді тағы бір мәселе – ақын-жазушыларымызға айына 30 адамға 500 мыңнан беріп отырсақ дейміз. Біз қаржысын бөлеміз. Ал бірақ кімге беретінін қара шаңырақта отырған өздеріңіз ақылдаса отырып, шешім қабылдаңыздар», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, өткенде ҚР Жазушылар одағына арнайы барған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы қаламгерлерге қаржылай гранттар беру мәселесін сөз еткен. Ал осы жолы қала әкімінің гранты кімдерге берілгенін жазушылар одағы өзі бекіткен.

«Драма саласына, драматургия саласынаүлкен конкурс жариялапжатырмыз. Оның қазір біз ережесін анықтап, бекітіп енді сол конкурсты жарияланады. Ол мына қазақ драматургиясын дамытуға бағытталатын үлкен бәйге болмақшы», -деді Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

«Абайдың қара сөздерінде кемел адам сипаты деген бар ғой. Сосын Әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындары» бар, біздің қала тұрғындары қайырымды қаланың тұрғындары болуға лайық. Ал енді сол қайырымды қалаға мейірімді әкім келіп жатса, ол елге де, халыққа да бізге де сыйыңыз, құрметіңіз еселеп қайтады. Сіздің сый-сияпатыңыз ар жағында алмақтың да, салмағы бар. Біз енді оны қарап қалмаспыз», - деді ақын, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбай.

«Әр ғасырда жас таланттарға, жастарға сол елдің билеушісі, әкімі қанаттандырып, көмек беріп отырған. Мәселен, Жүсіп Баласағұниді алсақ та, кешегі әлемнің биік шайыры Гетені алсақ та, сол кісілерге ықпал етіп отырған сол елдің мықты, білімді жоғары билік өкілдері. Сол секілді бізге грант беріліп отыр. Бұл жастар үшін өте үлкен қолдау болады деп ойлаймын», - деді ақын Батырхан Сәрсенхан.

«Жалпы жазушылар одағының бас-аяғы 820 мүшесі бар болса, оның 360-сы Алматыда тұрады. Ұлтымыздың дамуына айтулы үлес қосқан азаматтардың еңбегі елеусіз қалмайды», - деді қала әкімі.

Бұл жолы 90 ақын-жазушы марапатқа ие болса, келесі айда тағы 60-сына ақшалай сертификат табыстылады.

Есте болса, қала басшысы тамыз айында Жазушылар үйіне арнайы барып, зиялы қауыммен кездескен еді. Сол кезде ойда жүрген нақты ұсыныстарымен бөлісіп, біраз істі жүзеге асыруға уәде еткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары