$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда заманауи суретшілердің «Контраст» атты көрмесі өтті

Жас суретшілердің бұл көрмесінің басты ерекшелігі – суретшілер билеп жүріп сурет салады.

Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Жастар жылы» аясында жас суретшілердің заманауи көрмесі өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алматыда жас суретшілердің заманауи үлгідегі «Контраст» эксперименталды көрмесі өтті. Шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымын ұйымдастырылған.

Жас суретшілердің бұл көрмесінің басты ерекшелігі – суретшілер билеп жүріп сурет салады.

Алматы галереясында өткен жас суретшілердің заманауи үлгідегі «Контраст» эксперименталды өнер көрмесі FOYA фестивалі аясындағы өткізілген. Көрмеде дерексіз экспрессионизм мен көше өнерінің бірлесуі үйлесім тапқан.

Аталмыш көрменің авторлары, жас суретшілер Марат Ягфаров пен Ғалымжан Балсары заманауи технологиялар дәуірінде әрбір жан өнерді жасаушы және ойлаушы бола алады деген ауандағы пікірін айтқан екен.

«Көрмеміздің ерекшелігі – көше мәдениеті мен экспрессионизм шеңберін өзара әрекеттестіру. Біз бүгін ашылу салтанатында бұрын-соңды болмаған өнер көрсетеміз және ол өте қызықты болмақ. Себебі, біз би билеп жүріп сурет саламыз», – дейді жас суретші Марат Ягфаров.

«Көрменің мақсаты – көпшілік ұмытып кеткен қарапайым нәрселерді адамдарға жеткізу. Шын мәнінде шығармашылық тұрғыдан бұл – өте маңызды дүние.

Кез келген адам басқа саланың жұмысшысы болса да, қалаған шығармашылығымен айналысуына болады.

Мысалы, мен өзім кеңсе қызметкерімін және кеңседе 13 жыл жұмыс істеп келем. Ал, мен үшін бұл рухани демалыс және хобби секілді», – деді суретші Ғалымжан Балсары.

Айта кетейік, Марат Ягфаров жас суретші ғана емес, ол сондай-ақ, танымал биші. «Elite Kazakh Team» би командасының қатысушысы. «Almaty Dance Festival» 2014-2017, «Share Your Feeling Battles» 2013-2017, «Funky Summits» 2012-2017, «Sun Planet Music Festival» би фестивальдерінің ұйымдастырушысы болған.

Аталмыш көрмеде суретшілер көрерменмен диалог орнатып, заманауи өнерге құлшынысын оятуды көздеген.

Жас суретшілердің көрмесі екі бөлімнен құралған. Бірінші бөлімде Марат Ягфаров би билеп жүріп сурет салса, екінші бөлімде Ғалымжан Балсары өз өнерін көрсетті.

Осыдан 100 жыл бұрын орыс авангарды әлемге өнердің өзге түрін дәріптеуді бастаған болса, академизмнен алшақ бұл қадам бүгінде жастардың жүрегінен жол тапқан.

Алматыда жас суретшілердің заманауи көрмесі де осының айқын дәлелі болды дейді көрмеге жиылған жұрт.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары