$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда «Іскерлік журналистика» көмекші құралының таныстырылымы өтті

«Іскерлік журналистика» көмекші құралы қазақ тілінде тұңғыш рет құрастырылған.
Фото: Túrkistan
Фото: Túrkistan

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Іскерлік журналистика» көмекші құралының таныстырылымы өтті, деп хабарлайдыы Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да журналистика факультетінде «Іскерлік журналистика» көмекші құралының таныстырылымы өтті. Оған аталған кітаптың идея және жоба авторы Ербол Азанбек қатысып, іскерлік журналистика тақырыбында студенттермен сұрақ-жауап алмасты.

ҚазҰУ профессоры, кафедра меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева аталған көмекші құралдың болашақ журналистерге пайдалы еңбек екенін айтып өтті. Кітап авторларының атынан Ербол Азанбек факультетке және университет кітапханасына бірнеше кітап тарту етті.

«Іскерлік журналистика» көмекші құралы қазақ тілінде тұңғыш рет құрастырылған.

Кітапты жазуға Әсия Акишева, Алибек Аллияров, Ербол Азанбек, Шолпан Айтенова, Есенгүл Кәпқызы, Асхат Еркімбай, Дінмұхамед Зиядин қатысқан. Сондай-ақ, Мира Халина, Олег Хе, Айнұр Каргалинова, Гүлзат Нұрмолдақызы сынды белгілі журналистер тәжірибесімен бөлісті. Демек, бұл кітап нағыз практик мамандардың мақалаларынан тұрады. Кітапқа Есенгүл Кәпқызы мен Жұлдыз Әбділда редакторлық жасаған.

«Іскерлік журналистика» көмекші құралы Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің «Бұқаралық ақпарат құралдарын нығайту» бағдарламасының негізінде қаржылай қолдауымен және «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының серіктестігімен жарық көрген.

Кітапта экономика, қаржы, бизнес тақырыбында жазғысы келетін журналистерге арналған кеңестер, ақпараттар мен мультимедиа құралдары қамтылған.

Ербол Азанбек, жоба авторы:

-Бәріміз қоғамда өзгерістің болуын күтеміз. Біз де күткенбіз. Мүмкін біреу келіп іскерлік журналистиканы қолға алар, халық қаржы, бизнес, экономика туралы қарапайым сұрақтарға жауап ала бастайтын шығар деп ойладық. Кейін қарасам, мен күтіп жүрген адам өзім екенмін. Журналистпін, банк саласында жұмыс істеймін. Ендеше, өзгеден күтіп отырмай, өзіміз қолға алуымыз керек.

«Іскерлік журналистика» көмекші құралы — осы олқылықтың орнын толтыруға тырысудың кезекті бір қадамы. Іскерлік журналистика өте ауқымды. Біз барынша негізгі ақпараттардың қамтуға тырыстық. Алайда мұның өзі маған кіріспе сынды көрінді. Сондықтан кітаптың онлайн нұсқасын барынша жетілдіруге тырысамыз.

Кітапты жоспарлау, жазу ұзаққа созылды. Өйткені сұрақ көп. «Іскерлік журналистика» деген сөздің өзін ұзақ талқыладық. Экономикалық журналистика, бизнес журналистика деген түсінік бар. Іскерлік журналистика орыс тілінен аударылған сияқты көрінеді. Бірақ, біз басын біріктіретін қаржы, экономика, бизнес іскерлік саланың үштағаны іспетті болғандықтан, осылай атағанды жөн көрдік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары