$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда қазақ әдебиетін оқыту мәселесін талқылаған жиын өтті

35 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беріп жүрген Мейрамгүл Барқазатқызының айтуынша жаңартылған жүйеде мәселе шаш етектен дейді.
Фото: qazaqadebieti.kz
Фото: qazaqadebieti.kz

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелерін талқы еткен ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алматыда мектеп мұғалімдерінің республикалық ғылыми-практикалық семинары өтті. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Онда орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебитін оқытудың өзекті мәселелерін талқылады.

«Джек Лондонның «Мексика ұлы» шығармасы төрт сағатқа берілген. Аталған шығармалар осыншама көп уақытты қамтитын көлемді туынды екенін бәріміз білеміз. Оларға берілген сағаттың санын азайту арқылы Махамбет, Абай, Мұқағали шығармаларын оқытсақ деген ұсыныс айтқым келеді», – деді Алматы қалалық әдістемелік кабинетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Кәрима Керімқызы.

Әлемдік білім стандарттарына толық сай келу жолында жасалынып жатқан реформаларда шек жоқ. Отандық білім саласына соңғы бірнеше жылдан бері сіңіп келе жатқан орта мектептердегі білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу мәселесі алғашқы орында тұр.

35 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беріп жүрген Мейрамгүл Барқазатқызының айтуынша жаңартылған жүйеде мәселе шаш етектен дейді.

«5-ші сыныптың деңгейіне қарай ертегілер, аңыздар және 6 сыныпта аңыздарды оқытып келіп, 7-8 сыныпта жыраулар мен тарихи жырларды оқыса, сосын 9,10,11 сыныпта классиктерге өтсе, балаға түсіну де, оқу да жеңіл болады. Осы жағы біздің қоғамда ескерілмей жатыр. Содан балалардың сөздік қоры аз, ойын жүйелі жеткізе алмайды», - дейді Алматы қаласы Д. Бабаев атындағы № 115 жалпы білім беретін мектеп мұғалімі Мейрамгүл Нүсіпбекова.

«Баланың бойында белгілі бір дағды болса ол кез-келген көркем шығарманы талдауға үйренеді. Алайда қазір сол жұмыстарды жүргізуде бізде көптеген қиындықтар бар. Сол қиындықтарды шешудің жолын осы семинарда қарастырдық», – деді Алматы қаласы Ш. Смаханұлы атындағы №62 гимназияның мұғалімі Гүлмира Рыскелдиева.

Мұғалімдердің айтуынша, жаңартылған жүйе қазақ тілі мен әдебиетінің сапасын төмендетуге алып келді екен. Себебі, жинақылық жоқ, оқушылар деңгейі ескерілмеген. Оқулықтардың сапасы да сын көтермейді. Қалтаның қамын ойлаған кәсіпкерлер дизайн, сапа мәселесіне мән бермейді дейді олар.

«Енді ол орындалу бірден жүзеге аспайды, әрине. Бірақ ұсыныстарды нақты жеткізу керек. Мәселен, қайта қарайтын дүниелер бар. Бәрін жоққа шығару мүмкін емес. Ары қарай жетілдіріп отыруымыз керек.

Жалпы оқулық деген, оқу үдерісі деген – жанды құбылысы. Ол үнемі жетілдіруді қажет етеді. Бір күннің, бір жылдың ішінде оны жоғары деңгейге жеткізу мүмкін емес», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Конференцияда басқа тілде жүретін мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетін пән ретінде қайта қайтару да сөз болды. Қатысушылардың басқа да ұсыныстары бір ауыздан

мақұлданып, Білім және ғылым министрлігіне және басқа да тиісті орындарға жолданатын болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары