Алматыдағы «Алатау» шипажайында «Рухани жаңғыру» сабақтары атты жиын өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматы қаласындағы балаларға арналған «Алатау» шипажайында республиканың түкпір-түкпірінен келіп ем алып жатқан балаларға арнап «Рухани жаңғыру» күні өтті.
Бұл шара Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты негізінде «Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету жөніндегі ғылыми-ағартушылық жобаны әзірлеуге және іске асыруға ҮЕҰ, сараптамалық қауымдастықты тарту» тақырыбындағы жобасы аясында өтті.
Аталмыш шараға этнограф-зерттеуші Баяхмет Жұмабайұлы, этнограф, жазушы Болат Бопайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі президиумының мүшесі Майра Сағымбекова, Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің Достық үйі Медиация кабинетінің жетекшісі Нұрсәуле Әлтекова, «Орта Азия және Қазақстан отбасы институты» жекеменшік мекемесінің директоры Акбота Базарбаева және тағы басқа үкіметтік емес ұйым өкілдері келіп қатысты.
Шараға арнайы шақыртылған қонақтар балаларға «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты туралы түсіндіріп, сұрақ-жауап форматында ойларын ортаға салды.
«Рухани жаңғыру» сабақтары атты шара аясында викториналық ойындар мен «Кітап – біздің досымыз» тақырыбындағы «Букдайтинг» шарасы ұйымдастырылды.
«Рухани жаңғыру» сабақтары шарасы әрі қарай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы қызметкерлерінің қатысуымен өткен «Цифрлан! Трендте бол!» акциясымен жалғасты.
Балалар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жайлы мағлұмат алып, смартфон арқылы Телеграм-бот қосымшасымен жұмыс істеуді үйренді.
Ақпараттық топтың ең басты мақсаты - жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарымен таныстырып, оны жүйелі түрде жүзеге асыруға үлес қосу.