07.10.2019, 18:51

«Жаңа білім – жаңа жаңғыру» атты дөңгелек үстел өтті

Фото: egemen.kz
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов кітапты аудару мен редакциялау барысындағы мәселелер, кітаптың маңызы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кітапханасында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы аясында «Жаңа білім – жаңа жаңғыру» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға академияның ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Қ.Халықов модераторлық жасады. Дөңгелек үстелді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Абдуалиев кіріспе сөзбен ашып, аудармашылар мен редакторлар құрамына зор алғысын айтып, бұл еңбектің студенттер үшін маңызы айрықша екенін атап өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. 100 жаңа оқулық – сондай ауқымды жобалардың қатарында. Осы кезге дейін Ұлттық аударма бюросы қазақша сөйлеткен оқулықтар академия кітапханасына жетіп, студенттердің игілігіне айналып келген еді. Ал «Өнер тарихы» кітабы біздің студенттер үшін ғана емес, оқытушылар үшін де таптырмас еңбек. Алдағы уақытта біздің білім ордасы мен Ұлттық аударма бюросының арасында әріптестік қарым-қатынасымыз нығайып, жаңа аударма кітаптар қатарымен толығады деп сенеміз», - деді А.Жылқышыбайұлы.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов кітапты аудару мен редакциялау барысындағы мәселелер, кітаптың маңызы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

«Әлі күнге өнертанудың терминологиясы дұрыс қалыптаспағанына осы кітапты тәржімалау барысында көз жеткіздік. Осы кезге дейін З.Серікқалиев редакторлық еткен «Өнердің ықшам тарихы» кітабы, оған қоса «Батыс Еуропа өнері», «Орыс өнері» атты кітаптар тәржімаланған екен. Алайда осы кітаптарды салыстырып қарағанда да, өнертану терминдері бір ізге түспегені анық байқалады. Бұл ретте аудармашылар, Ұлттық аударма бюросының қызметкерлері, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мамандары және осы академияның ұстаздары бас қосып әрбір терминді, атауды тәптіштеп қарап, әбден елеп-екшеп барып, кітапқа енгіздік. «Өнер тарихы» дүниежүзіне сегіз миллионнан аса таралыммен таралған еңбек. Әлемнің өркениетті тілдеріне түгел аударылған. Ондай кітаптың қазақша тәржімалануы да үлкен еңбек екені сөзсіз. Үшіншіден, Лондон кітаптың аудару құқығын бергенімен, шығару құқығын бермеді. Сондықтан бұл еңбек Гонконгта басылды. Әлемге сегіз миллион таралыммен тараса, соның барлығы да Гонконг баспасы арқылы таралған. Өйткені басқа баспаханалар басса, суреттің әрі кетіп қалады екен. Міне, кітаптың бояуы да өте көркем еңбек болып оқырманның қолына жетіп отырған көлемді туынды. Қолға ұстағанда көз қуанады», - дейді К.Матыжанов.

Айта кетейік, алқалы жиында академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен Ұлттық аударма бюросы мамандарының бірлесуімен тәржімаланған Эрнст Гомбрихтың «Өнер тарихы» кітабы таныстырылды.