$ 494.87  520.65  4.91

Жас кітапханашыларының I Слеті өтті

Слеттің негізгі мақсаты – жас мамандардың шығармашылық жетістіктерін айқындау және осы салада тың әдістерді енгізу, ұжымда позитивті жұмыс тәртібін қалыптастыру.
Фото: 08info.kz
Фото: 08info.kz

Елбасының «Жастар жылы» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында Республика деңгейінде алғаш рет «Кітапхана әлемі – жастар әлеуеті мен жүзеге асырылатын мүмкіндіктер мекені» атты ҚР арнайы кітапханалары жас кітапханашыларының I Слеті өтті. Шараны «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ ұйымдастырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Слеттің негізгі мақсаты – жас мамандардың шығармашылық жетістіктерін айқындау және осы салада тың әдістерді енгізу, ұжымда позитивті жұмыс тәртібін қалыптастыру. Сонымен қатар, кітапхана саласының мамандарының өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруды қарастырды.

Екі күнге жоспарланған жас кітапханашылар Слетінің ашылу салтанаты ҚР Ұлттық кітапханасында өткізіліп, екінші күнгі негізгі шаралар «ЗНКААРК» РММ-сінде өтті. Слетке Қазақстан Республикасы бойынша ЗНКААРК қарасты облыстық, қалалық арнайы кітапханалары мен арнайы бөлімдерінің басшылары мен жас кітапханашылары қатысты.

Шара барысында аталған мекеменің директоры Асхат Байұзақов алғысөз сөйлеп, биылғы Жастар жылында жас мамандарға ерекше назар аударып, олардың біліктілігін арттыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқанын айта келе, шақырылған қонақтармен таныстырды.

Слеттің пленарлық отырысында Л.Н. Гумилев атындағы мемлекеттік университеті ғылыми кітапханасының қызметкері Гүлхая Жyaшбaeвa, Қазақ Ұлттық Университетінің тарих, археология және этнология факультетінің аға оқытушысы, кітапхана ісінің магистрі Назгүл Денгельбаева, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультетінің аға оқытушысы, докторанты – Шынар Усенбаева, Қазақ Ұлттық Университетінің Тарих, археология және этнология факультетінің кітапхана ісі мамандығының студенттері Ернар Ергеш пен Рысгүл Даутановалар және ЗНКААРК қарасты республика бойынша арнайы кітапханалардан келген жас кітапханашылары мен «Рухани Қазына – 2019» фестиваліне қатысып, жүлдегер атанған арнайы кітапханалар мамандары кітапхана ісіне байланысты түрлі тақырыптардағы өзекті мәселелерді қозғайтын жас мамандар баяндамалар жасады.

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханамен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстандық Кітапханалық Одақ» ЗТБ маманы, Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Ажар Юсупова арнайы кітапхана басшыларына «Қоғам трансформациясы – кітапханалар трансформациясы» тақырыбында семинар-

тренинг, ал, республика бойынша жиналған жас кітапханашыларға ҚР Ұлттық кітапханасының Ұлттық библиография қызметінің жетекшісі Әлия Сайдембаева «Қазіргі қоғамдағы кітапханалардың инновациялық қызметі» атты шеберлік сыныбын өткізді.

ҚР арнайы кітапханаларының интеграциясы, заманауи форматта дамыту тақырыбындағы өзекті мәселе – қазақ латын әліпбиінің Брайль қарпіне көшіру. Кітапхана директорының орынбасары, Мақсұт Джумабеков Нұр-Сұлтан қаласы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына сараптама жасауға жолданған, қазақ латын әліпбиінің Брайль қарпіне бейімделген жобасының таныстырылымымен Слетке қатысуға келген арнайы кітапхана өкілдері мен қатысушыларға таныстырды.

Слет аясында қатысушылар зағип жандардың сұраныстарына орай пайдалы деректерді жинақтап, біліктілігін арттыруға мейлінше қолдау білдірді. Кітапханашылар жиыны жоғары деңгейде өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#кітапхана