Ақтау облыстық стоматологиялық орталығында ауру балаға дөрекілік танытқан жас дәрігер жұмысынан шығарылды. Бұл туралы брифинг барысында орталықтың бас стоматологы Қуат Машырықов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Машырықовтың айтуынша, арнайы құрылған комиссия әлеуметтік желіде жарияланған видеоны тексеріп, әкімшілік жаза белгілеген. Осылайша, Еңбек кодексінің 64 бабы бойынша дәрігер қатаң сөгіс алып, жұмыстан босатылған.
"Дәрігердің өзі де жұмыстан кетуге ниет білдірді. Басында ол ауру балаға көмектеспек болған, алайда, жағдай басқаша өрбіді", – дейді Қуат Машырықов.
Сонымен қатар, медициналық мекеме басшылығы дәрігерді білікті, адал, болашағы бар маман ретінде сипаттап отыр. Айтуларынша, бұған дейін ол ешқандай жағымсыз қылық танытпаған.
Ақтау қаласы полиция басқармасы басшысының орынбасары Қалдымұрат Айғарақовтың сөзінше, зардап шеккен баланың анасы арыз беріп, соған сәйкес сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Соның қорытындысы бойынша шаралар қабылданбақ.
Егер балада ұрып-соғудың белгілері анықталса, тіс дәрігері ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73 бабы 1-бөлігі бойынша жазаға тартылады. Ал егер ондай белгілер анықталмаса, аталған кодекстің 73 бабы 2-бөлігінде қарастырылған шара қабылданады.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде кішкентай балаға дөрекілік танытқан дәрігердің видеосы тарап кеткен еді.
Кейіннен оқиғаға қатысты дәрігердің өзі пікір білдіріп, отбасы мүшелерінен кешірім сұрап, жағдайдың қалай болғанын баяндап, видеоүндеу жолдады.