lБельгия соты велоспорттан Лондон олимпиадасының чемпионы, қазақстандық "Астана" велокомандасының менеджері Александр Винокуров пен ресейлік экс-велоспортшы Александр Колобневті ақтады. Бұл туралы 5 қарашада халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады.
Винокуров "2010 жылы Бельгияда өткен Льеж-Бастонь-Льеж жарысында Колобневке 150 мың еуро (178 мың доллар) беріп, жеңісті сатып алды" деп айыпталған. Ал Колобнев "жарыста әдейі жеңілді" деген күдікке ілінген.
Прокуратура Винокуров пен Колобневті алты айға соттауды және айыппұлмен жазалауды сұраған.
Бірақ Бельгиядағы сот айыптауға дәлел аз деп, екі спортшыны ақтады.
Александр Винокуров 2012 жылы Лондон олимпиадасында алтын, 2000 жылы Сидней олимпиадасында күміс алған. Допинг қолданды деп айыпталып, 2007-2009 жылдары спорттан шеттетілген. Ол 2012 жылы спорттық карьерасын аяқтап, "Астана" велокомандасының менеджері болып тағайындалған.
Дереккөз: Азаттық