Шымкентте уланып өлген ұлдардың әке-шешесі болған жағдайды айтып берді. Қара жамылған олар жедел жәрдемнен бастап, жұқпалы аурулар ауруханасы мен оттегімен емдейтін дәрігерлерге де ашулы. «Егер дер кезінде көмек көрсетілгенде жағдай басқаша болар ма еді», - дейді ерлі-зайыптылар. Ал, неден уланғанын өздері де білей отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Шауып жүрген қос ұлынан бір мезетте айырылған Артық пен Арайлым балаларының суретіне қараумен күндері өтіп жатыр. Жылай-жылай, көз жасы таусылған ата-ана өздерінің неден уланғанын білмейді. Жұма күні кешкісін отбасы дүкеннен алынған тұшпараны түгел жеген. Сенбі күні оның қалғанын ысытып ішіпті. Сол күні кешкісін әуелі қызы ауырып, артынан екі ұлы мен әке-шешенің өзі де мазасызданған. Ал сол асты ішпеген балдызы ауырмапты. «Газдан улануымыз мүмкін емес» деп отыр отағасы.
Артық Тасболатов, марқұм ұлдардың әкесі:
- Бір жерлерде жазып жатыр екен, «анасы айтыпты, екі күн газ ашылып қалып кеткен» деп, ол мүлдем шындыққа жанаспайды. Екі күн газ ашық тұрса, бұл жерде жарылыс болатын еді. Газдың иісін сезетін едік қой, біз де адам баласымыз. Енді әркім өз нәрестесін, кішкентай балдарды өлімге итермелемейді ғой. Екі кішкентайды қатты жақсы көретінбіз.
Ата-ана әсіресе Шымкенттің медицина қызметкерлеріне өкпелі. Отбасы түгел құса берген соң, алғашқы жедел жәрдемді түнгі сағат 4-ке жуық шақырады. Келген дәрігер бәрінің құсып, бозарып жатқанын көрсе де, белсендірілген көмір ғана берген. Сөйтіп ауруханадан бас тартқан ата-анадан қолхат алып, кетіп қалыпты.
Арайлым Ботаева, марқұм ұлдардың анасы:
- Оны көрді, соның көз алдында боп жатыр. Менің 10 айлық балам да қалай құсты. Түсі жаман, қарақошқыл запыран құсты, оны да көрді, көрмеді емес. Бас тартып қолхат жазып бергенімізге ырза болды да, кетіп қалды.
Түні бойы өзі емделген отбасы ұл-қызының жағдайы нашарлай берген соң, таңғы 9-да жедел жәрдем шақырып, жұқпалы аурулар ауруханасына барады. Ол жерде әр маман бір-біріне сілтеп жүргенде, төрт жасар ұлдары Аңсардан айырылдық дейді. Кейін 10 айлық Мирас беті бері қарамай жан тапсырған.
Арайлым Ботаева, марқұм ұлдардың анасы:
- Менің қолымда жатты, демалмай қалды ғой, мұздай боп, демалмай қалды. Иә, мына жерімде – қойнымда жатып кетіп қалды. Анау апаратты ашам дегенше екі минуттай өтті.
Ұлдарын Төле би ауданындағы бейітке қойған олар, енді ем қабылдап жатқан 11 жасар қызының тілеуін тілеп отыр. Осыған дейін санитар мамандар тексеруге 18 қалта тұшпара тәркіленген дүкенге бас сұқтық. Алайда тоңазытқыш толы тұшпараны көрсеткен сатушылар тілшілерден безе жөнелді.
- Ешқандай тұшпара алынған жоқ па? - Алынған жоқ, ешқандай.
- Саудадан алынған жоқ па?
- Болған жоқ, ешқандай.
- Уланған адамдар бар деді ғой.
- Кім айтты оны? Тұшпарадан уланды ма, газдан болды ма, жөндеп біліп алсаңдаршы.
Шынында тұтас отбасының неден уланғанын құзырлы органдардың ешқайсынан білу мүмкін болмай тұр. Тасболатовтардың тоңазытқышындағы тағамның бәрін сараптамадан өткізіп жатқандар да, дәрігерлердің әрекетіне тексеру жүргізіп жатқандар да әзірге тіс жармайды. Келесі аптаның соңына қарай дайын болатын сот-медициналық сараптаманың қортындысын күтіп отыр. Артық пен Арайлым да «салғырттық танытты» деген дәрігерлердің артына шам алып түспекші.