100 мәрте қажылыққа барған Амангелді Еренғайыпұлының Алматыда 400 адам шақырып, аста-төк той жасағаны мәлім. Ол әрекеті қоғамда қызу талқыланды да. Сол себепті, Азаттық рухы сайты Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының пікірін білді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділда Бекжігітовтің айтуынша, шариғатта қажылыққа баруға шектеу қойылмайды. Бірақ, құлшылықтың қанша рет жасалғанын жалпақ жұртқа жариялауға тыйым салынады.
Мекке-Мединеге жыл сайын елімізден үш мыңнан астам адам аттанса, олардың 10-15%-ы – қажылыққа қайталап баратындар. Бүгінде ҚМДБ ресми түрде танып, етене жұмыс істейтін 20 туристік фирма бар. Амангелді Еренғайыпұлына тиесілі «Нұр-Қазақстан» компаниясы да солардың бірі. Оның президенті де қажылыққа жұмыс бабымен, жол көрсетіп барады.
«Діни басқарма фирма басшыларына, қажылыққа қызмет етіп жүрген адамдарға қоғамның ашуын тудыратын, құлшылықты бұзатын, құлшылыққа кері әсерін тигізетін осындай іс-әрекеттерге бармаса екен деп ескертеді. Бұл қоғамда жағымсыз пікір қалыптастырды. Оны исламтанушылар да айтып жатыр. Пайғамбарымыздың әдемі хадисі бар: кедей, міскін адам шақырылмаған дастарханның қайыры жоқ дейді. Ал енді өңкей игі жақсыларды жинап алып, той жасауы шүкіршілікке келмейді. Ол – даңғазалық, мақтаншақтық», - деді ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділда Бекжігітов.
Жер бетіндегі мұсылман жамағаты арасында мынша рет қажылыққа барды деген рекордтық көрсеткіш жоқ. Діни басқарма өкілінің айтуынша, Мұхаммед пайғамбардың өзі өмірінде қажылыққа екі рет барған.
«Қонаққа келген арабтың өзі де мұндай тойды Қазақстаннан бірінші рет көріп отырғанын айтты. Амангелді Еренғайып Әбу Ханифа 40 рет барды деді. Ресми деректерде Имам Ағзам Әбу Ханифа 55 рет барған деп айтылады. Ол мен 55 рет бардым деп астамшылдықпен той жасап, айтқаны жөнінде еш жерде жазылмаған», - деді Жанділда Бекжігітов.
«Жеке адамның қателігі үшін исламға күйе жағуға болмайды. Имам, молдалар теріс қылық танытып жатса, оны пенде деп қабылдау керек. Ал ислам – пәк, мөлдір, таза», - деп сөзін түйіндеді мүфтият өкілі.