Ақтауда ірі тонау фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Бойжеткен газ баллонының көмегімен шетелдік танысының 7 млн теңгесі мен 25 мың долларын тартып алған деп күдіктелуде. Бұл туралы info-tses.kz жазады.
Бойжеткен шетелдік танысының көлігінде отырып, оған газ баллонын шашқан. Кейін ақша салынған сөмкесін алып, оқиға орнынан ізін суытқан деп мәлімдеді құқық қорғау органдарында.
Оқыс жағдай бірнеше күн бұрын Ақтаудың 8 ықшамауданы 23-үйінің маңында болған. 48 жастағы Lexus көлігінің қожайынымен бірге темір тұлпарда отырған бойжеткен аяқ-асты оған тап берген. Ол өзінің газ баллонын алып, шетелдіктің үстіне сепкен. Ер кісі есін жинап үлгергенше, тап берген ару көліктен ізін суытқан. Онымен бірге зардап шегушіге тиесілі 7 млн теңге мен 25 мың доллар да ғайып болған.
Зардап шегуші Ақтауда уақытша тұрып жатқан Пәкістан азаматы болып шықты. Ол полицейлеге жүгініп, күдікті сол күні құрықталды.
22 жастағы бойжеткен зардап шегушіге барлық қаражатын қайтарған. Маңғыстау облысының ІІД-і бұл жайттың болғанын растап отыр.
“Күдікті – 22 жастағы бұрын-соңды істі болмаған бойжеткен. Зардап шегушімен жарты жылдай таныс болған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа бағытталды”, – дейді мекеменің баспасөз қызметі өкілі Шолпан Юлдашева.