$ 494.87  520.65  4.91

Абайтанудың негізін қалаған Қайым Мұхамедхановқа көше атын бермеу – елдігімізге сын

Қайым Мұхамедхановқа Нұр-Сұлтан қаласынан көше берілуі өте дұрыс деп санаймын. Мұрындық болған болса, Ермек Аманшаевқа мың алғыс!
Фото: abai.kz
Фото: abai.kz

Бүгін белгілі ғалым, қаламгер Құлбек Ергөбек Facebook парақшасында Абайтанудың негізін қалаған айтулы тұлға Қайым Мұхамедхановтың атына Нұр-Сұлтан қаласынан бір көше беру керектігін мәселе етіп көтерді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісі. Елбасы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Аманшаевқа зілденді: «Қайым Мұхамедханов деген кім, Нұр-Сұлтан қаласынан көше беретін? Кім-көрінгенге көше бересіңдер!» - деп. Зиялы, білімді Ермек: «Абайтанудың негізін қалаушылардың бірі! - деп жауап берді. - Әрі бұрынғы гимннің авторы!».

Көгілдір экран көрсетті. Көрген көзде айып жоқ. Қазақтың арғы-бергі тарихын сапырып, әлденеше кітап жазған Елбасының Қайым Мұхамедхановты білмеуі сәл көңілімізге кірбің ұялатты», - деп налыды жазба авторы.

Осы орайда, оның «Ойбой-ау, біз білетін Қайым аға Совет өкіметінен әбден ит сілікпесі шығып қуғын көрген. Ұлы Абайды қорғаймын деп итжеккенге айдалған. Қанша зәбір көрсе де алған бетінен қайтпаған, қазақ елінің тәуелсіздігін армандап өткен бір шерлі жүрек емес пе еді? Әдебиетке бергені де мейлінше қомақты. Қанша қиындық көріп, жаны жараланып жүрсе де жан жарасын руханият қазынасымен жазып, ұлттық рухпен жігерленіп, тіршілік кешіп өткен аяулы жан. Қазақ түркологиясының басында тұрған Бейсембай Кенжебайұлы және Әуелбек Қоңыратбайұлы, Қайым Мұхамедханұлы, ЫбраҺим Маманов төртеуінің (кейде үшеуінің) үйде болып, Алашорда аймүйіздерін сағынып жылағанын талай көзіммен көріп едім. Қолдарына су құйып, қонақ етіп, небір қызықты әңгімелерін естіп едім», - деп, көше атын беру туралы ұсынысына арқау болған кейіпкерінің кім екенін толыққанды таныстырып өтуіне тура келген.

Айтуынша, Елбасы Ермек Аманшаевқа ұрсып жатқан сәтте оның тар кезең, қиралаң Совет өкіметінің кезінде де ұлттық рухы қалғымаған, ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуден бір танбаған ардақты ағалары көз алдынан өтіп, іші қанжылап отырыпты.

«Қайым ағаның Қазақ ССР-нің әнұранын жазғанын ұмытуға бола ма? Бейсекеңнің (Кенжебайұлының) 1953 жылы М. Әуезовпен бірге қызметтен қуылып, партия қатарынан шығарылып, үй қамағында отырып тергеліп (М. Әуезов Москваға бой тасалап қашып кеткен), бас қанішер И.В. Сталин өліп, әупірім тәңірмен аман қалғанын, Әукеңнің ағасы Қалжан, інісі от-жалын Әлібек Қоңыратбаевтың 1937 жылы атылып кетіп, «шығыстың шылауындағы әдебиетші» - Әуелбек Қоңыратбаевтың жер аударылғанын ұмытуға бола ма, сірә да?

Осы ұлтшыл тұлғалардың Алашорда рухын үзіп алмай, кейінгі ұрпаққа жалғап, құлақтарына құйып отыруы арқасында жеткен жоқпыз ба, Тәуелсіздікке?

Асылы, Елбасы Қайым Мұхамедхановты білмейді емес. Біледі. Бірақ, қапелімде басқа біреумен шатастырып алды ма деймін. Қанша айтқанда жасы келген кісі. Өзі де Гимннің бір авторы», - деп барып бір-ақ тоқтаған Құлбек Ергөбек, сөз соңында негізгі мәселеге көшті.

«Желілес достар, Қайым Мұхамедхановқа Нұр-Сұлтан қаласынан көше берілуі өте дұрыс деп санаймын. Мұрындық болған болса, Ермек Аманшаевқа мың алғыс! Ал енді Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов мырзаға айтарым, әлі күнге Б. Кенжебайұлына, Ә. Қоңыратбайұлына, Ы. Мамановқа Бас қаламыз – Астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласында көше берілмей, кешеуілдеп келеді. Осы мәселені кешеуілдетпей, жас адамсың, тың тегеурінмен жүзеге асыруыңды сұраймын! Қолдайсыңдар ма? Қолдасаңдар, желілес әріптестер, үн қатыңдар!» - деп ұлт тұлғасының аты-затына аса жанашырлық танытып, жергілікті шенеуніктерден де асқан жауапкершілік талап етіп отыр ғалым.

«Жақсының аты өшпейді, ғалымның хаты өшпейді» дегеніміз – сол, әрине! Құлбек Ергөбек бастап, оны өзі қолдау күткен желілес достары – мұқым халық қостап отырған бұл бастаманы дәл ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында аяқсыз қалдырған жарамас. Еңіреп өткен ерлерді ескермеу – елдігімізге сын. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары