11.11.2019, 17:20

«Бізді тастамаңыздар!»: боранда адасқан жезқазғандықтарды инспекторлар ажалдан арашалап қалды (ВИДЕО)

Хабарсыз кеткен азаматтарға туыстары іздеу жариялап та үлгерген екен.

10 қараша күні сағат 17:00 шамасында «Охотзоопром» РМҚК Қызылорда облысы бойынша филиалының инспекторлары киіктерді қорғау мақсатында рейд жүргізіп, нәтижесінде Қарағанды және Қызылорда облыстарының территориясы аумағындағы «Солдат» даласынан Сергей Таращик (1977 жылғы) және Марин Шульц (1977 жылғы) есімді Жезқазған қаласының екі азаматын жолықтырған. Бұл туралы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлайды.

С. Таращик пен М. Шульц 2 қараша күні Лада автокөлігімен балық аулауға шығып, боранда адасып қалған. Адасып кеткен екі азамат аман қалу үшін айналасынан көмек сұрап, елді мекен іздестірмек болған. Бірақ ешкімді кездестірмепті. Осы аралықта шалшықтан су ішуге мәжбүр болған.

«Охотзоопром» инспекторлары 7 күн қиналған азаматтарды жолықтырған да, оларға қажетті көмегін көрсеткен. Жанармай құйып, аккумуляторымен көлігін оталдырып берген. Екі азаматты тамақтандырып, облыстың төтенше жағдайлар департаментіне хабар берген.

Хабарсыз кеткен азаматтарға туыстары іздеу жариялап та үлгерген екен.

«Адасқан азаматтарға көмек берген «Охотзоопром» инспекторларының есімі: Ғабит Сәттібаев, Бақыт Тұяқбаев, Бек Жарылқасынов. Олар балық аулауға шыққанда тыңғылықты дайындалып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады», - дейді комитеттегілер.

Инспекторлар оларды жақын маңдағы елді мекендердің біріне жеткізіп, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлеріне табыстаған.

Аман қалу үшін тамақ іздеуге кеткен екі азамат өздерін іздестірушілерге арнап хат қалдырып кеткен.

«Бізді құтқарыңыздар. Біз адасып қалдық. Жанармай таусылды. 7 күн өтті. Қиратылған әскери базалардың біріне бет алдық. Су мен отын іздейміз. Көлікке қайта ораламыз. База бұл жерден 30-40 шақырым қашықтықта орналасқан. Жол бағандар бойымен орналасқан. Бізді тастамаңыздар», - делінген жазбахатта.

Дереккөз: azattyq-ruhy.kz

Тегтер: адасу боран