12 қараша. Оппозиция қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің дүниеден өткеніне - 14 жыл. Саясаткердің жесірі, әнші Мақпал Жүнісова күйеуін еске алып, оның ескі видеосын бөлісті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі видео астына «Мәңгі жүрегімдесің» деп жазба қалдырған. Желі қолданушылары болса, Нұрқаділовтің мәңгі халық жүрегінде қалатынын айтып, Алладан оның жәннәттық болуын тілеп жатыр.
Айта кетейік, қазақстандық оппозиция қайраткері Заманбек Нұрқаділов 2005 жылғы қарашаның 12-сі күні кешкісін Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапты. Ресми тергеу «Нұрқаділов өз-өзін үш рет атқан» деген қорытынды жасады. Бірақ, оппозиция «ол қастандық құрбаны болды» дейді.