Соңғы екі жылда Ұлттық қор мен Ұлттық банктен кеткен осындай қомақты сома оларды оңалтуға, жағдайын жақтартуға, естерін жидыруға, банкроттан құтқаруға жұмсалды.
Айта берсең теңеу көп. Сіз бен біздің салығымыздан және басқа да түсімдерден жиналған ақша осылайша өзімізге қайтадан несие беретін банктердің қалтасына кетті. Мемлекет беруін берді ғой. Енді берешек бар жерше алашақ болуы тиіс. Ол триллиондар қайтып жатыр ма? Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2017 жылы «Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру туралы» мемлекеттік бағдарлама қабылданады. Осы құжат триллиондардың екінші деңгейлі банктерге бөлінуіне мүмкіндік береді. Ал қаржылық ұйымдар не үшін мемлекеттен қаражат сұрады?
«Девальвация болды, теңге әлсіреді. Ал шетелге ол доллармен қайтару керек. сондықтан банк өте қатты ыңғайсыз жағдайға ұшырады. Мемлекетке мәжбүрлі түрде айтты. Бізде сыртқы қарызымыз көп, борышкерлерге қарызымыз көп. Оны қайтару керек, қайтармаса біз банкрот боламыз, лицензия, мемлекеттің имиджі құриды, мемлекет оны төлеуге мәжбүр болады. Сондықтан мемлекет осындай іс-шараға барды. Енді бұдан былай мемлекет банктерді қолдауды, жеңілдетілген несие беруді, субсидия беруді доғару керек деп есептеймін», - дейді экономист Мақсат Сералы.
Банктер сұрады, имиджді алға тартты, салымшылар сан соғатынын тағы жұқалап жеткізді. Сосын, сосын Ұлттық қор мен Ұлттық банктен қомақты, көлемді қаражаттар бөліне бастады. "Азаттық рухы" сайтында жарияланған қаржы сарапшысы Мұрат Темірхановтың дерегінше,
2017-19 жылдар аралығында 4,8 трлн теңгенің 2 трлн 640 млрд теңгесі БТА банкке, 1 трлн 454 млрд теңге Цесна банкке, 399 млрд теңге РБК банкіне бөлінген. Ал қалған 310 миллиард теңге - АТФ, БЦК және Евразиялық банкке берілген. Бұл соманың 2 трлн 93 млрд теңгесі Ұлттық қордан, 2 трлн 710 млрд теңгесі Ұлттық банктен алыныпты.
Басына бұлт үйіріліп, жағдайы бір оңалмай қойған қаржылық ұйымдардың тізімінде жоғарыда аталған RBK банкі де болды. Сол кезде Ұлттық банктің төрағасы 240 миллирд теңге бөлінетіні жайында айтқан еді.
«Мұндай шешімге не үшін барып отырмыз деген сұрақ туындауы мүмкін деген сауал бар шығар. RBK банкінде біздің азаматтардың қаражаты сақталған. Оның сомасы 188 млрд теңгені құрайды. Осы жайтты ескере отырып банктың жұмысын жаңғырту шешімі қабылданды», - деді Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев.
РБК банкіне және басқаларана да қаражат бөлінді. Жақсы. Экономист Рашид Жақсылықовтың дерегінше бұл триллиондар мақсатты негізде берілген екен. Ал екінші деңгейлі банктер бұл пайызсыз соманы алуын алып алып, қараша халыққа көбіне бұрқыратып несие қылып таратқан.
«Ірі-ірі сауда үйіне баратын болсаңыз, бізде екінші деңгейде 14-15 банк болса солардың міндетті түрде өкілдері отырады. Тіпті қазір үстімізде киіп жүрген тонды да кредитке ала беретін болды ғой. Бұл жерде банктер өзінің жұмыс тәртібін өзгерту керек сияқты. Саясатын, стратегиясын өзгерту керек», - дейді экономист Рашид Жақсылықов.
4,8 триллион теңгені түп иесін тапқанымен, бөлік-бөлігімен қайтадан мемлекет қазынасына қайтып жатқан жоқ. Бұл туралы мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев жақында жарияланған сұхбатында ашық айтты. Мұның бәрі бақылаудың әлсіздігі екенін де жеткізді. Тыңдап көріңіз.
«Біздің қаржы жүйеміз дұрыс жұмыс жасамай отырғаны туралы бірнеше рет айтқам. Кезінде жұмсақ заң жасадық та, қаржы жүйесін ерекше етіп қойдық, олардың жұмысын бақылайтын, реттейтіндей дұрыс жүйе болмады. Бұлар оңай жолмен ғана жүрді, теңге бағамының құбылуын, мемлекеттің, Ұлттық банктің, ұлттық компаниялардың арзан ақшасын пайдаланып табыс тапты. Бірақ сол табыстың барлығы қайда кеткенін біз уақытылы бақыламадық. Сыбайластыққа батқан, экономикаға зиян келтіріп отырған сала қаржы жүйесі. Бұған дұрыс бақылау жасай алмадық. Кезінде қаржы бақылау агенттігі біраз жұмыс істеп бастағанда оны "банктер жұмысына кедергі келтірді" деп қысқартып, Ұлттық банкке қосып жіберген. Енді қазір көз жеткен соң қайтадан бөлек ведомство ретінде құрғалы жатыр».
"Мемлекеттің екінші деңгейлі банктерге қомақты қаражатты жәйдан жәй ұстата салмағаны анық. Экономистердің дерегінше бұл сомалар әр банкке өз саласына қарай экономиканың бір бөлігін жақсарту үшін берілген екен. Бірақ, қаржылық ұйымдар ол ақшаны кәсіпкерлер және басқа да іскерлік өкілдеріне үлкен пайыздық мөлшерлемемен ұсынады. Ал, оны тексеріп жатқан адам бар ма?", - мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.
"Міндетті түрде экономикалық бір саланы қаржыландыру, мысалы Цесна ауылшаруашылық секторына қаражат бөлу керек болатын. Ол қаншалықты мемлекеттің, үкіметтің берген тапсырмасын нақты орын", - деді экономист Рашид Жақсылықов.