$ 494.87  520.65  4.91

Сіз аластау үшін не қоладанасыз?

Біле білсеңіз екі шөптің де емдік қасиеті орасан.
Фото: Tj.mir24.tv
Фото: Tj.mir24.tv

Аластау – қазақ халқының көнеден келе жатқан ырым сенімі. Мұны кейбір деректер шамандық дәуірден қалған дегенді айтады. Десек те, аластау арқылы тіл-көзден, сұқ сөзден, бәле-жаладан, ауру-сырқаудан сақтануға болады дегендіә естіп өстік. Ал аластау үшін өсімдіктердің киесі саналған абыраспан мен хош иісті арша таңдалған. 

Біле білсеңіз екі шөптің де емдік қасиеті орасан. Тізбектейтін болсақ, біраз дертке дауа болатын қасиеті бар. бірақ біздің айтпағымыз оның емдік қасиеті емес, ырым үшін қолданылатын кезі болмақ. 

Бұл мақаланы жазуыма кеше күә болған мына көрініс түрткі болды. Түсінікті болу үшін басынан бастайын.

Өткен жұма нағашы жұртымызда өмірден өткен кісілердің әруағына бағыштап құран оқылды. Оған жеті жұрттан жиналдық десек артық айтқаным емес. Үлкен-кіші тегіс шақырылған. Астан соң алыстан келген қонақтардың біразын үйге қонуға алып келдім. Қонағымның арасында 3 айдан асқан сәбиі бар келіншек бар екен. Жиын кезінде оның да, баласының да мазасызданып, жайы болмағанын байқадым. Үйде де жайланып отырмаған соң өзім ыңғайсызданып, оларға жағдай жасауға ұмтылдым. Сөйтсем бөбегіміздің бесіксіз ұйықтамайтын әдеті бар екен. Ал біздің үйдегі тентектердің есейіп кеткені қашан... Амалсыз шатырдағы ескі бесікті түсіруге тура келді. Оны сүртіп тазалап, шаңнан арылтып қонақтардың алдына әкелдім. Амалдап ішіне төсеніш ұйымдастырдық. Сол кезде сәбидің анасы адыраспан сұрады. Күнде қолданбаған соң оны іздеп кеттім. Әрең дегенде тауып келсем қонақтардың арасынан үлкен жастағы 7 тал сіріңкені тұтатып, бесіктің асты-үстіне айналдырып отыр екен. Мұндайды көрсем көзім шықсын. Айналасындағылардың бәрі аң-таң.

 «Мұныңыз не? Не істеп отырсыз?» деген ішімдегі сұрағым сыртқа атып шықты. Бұл ісінен қаймығып отырған қонағым жоқ. 

«Адыраспан болмаған кезде сіріңке тұтата саламын. Түтін шықса болды емес пе? Жеті түнде адыраспанды қайдан табасың?. Оның үстіне бізде адыраспан өте тапшы әрі иісі де жағымды емес қой» деді. 

Мұны естіген әжем: 

«Айналайын-ау, жасы кіші болса да жас келін бірнәрсені біледі екен. Бүгінде келінді түзететін емес, бұзатын енелердің бары өкінішті. 

Адыраспанды түтін шығарсын деп қана түтетпейді. Адыраспанмен бесікті аластаудың маңызы бар. Байқаймын, соңғы кезде адыраспанмен аластау керек нәрсені аластамай, қайдағы-жайдағыны аластап жүр. Реті келіп тұрғанда білгенімді айтып кетейін. 

Адыраспанмен үй ішін бәле-жаладан, ауру-сырқаудан аластату үшін, босағаңнан аттаған жас нәрестені, жас келінді, күйеу баланы тіл-көз тимесін, сұқ сөзден сақтансын деген ырыммен аластайды. 

Аластап отырып:

«Алас, алас, баладан алас, 

Иесі келді, пәлесі көш! 

Алас, алас, бәледен алас, 

Көзі жаманның көзінен алас! 

Тілі жаманның тілінен алас! 

Қырық қабырғасынан алас, 

Отыз омыртқасынан алас! 

Алас, алас, аласы, 

Келді, міне, баласы. 

Көш, көш, пәлесі, 

Келді, міне, егесі. 

Аталарың ақырса, одан қорықпа, 

Аналарың, ағаларың шақырса, одан қорықпа, 

Ойнақтаған лақтан қорықпа, 

Сылдыраған бұлақтан қорықпа. 

Тулаған тайдан, Қуалаған ботадан қорықпа! 

Маң төбеттей ұйқылы бол, 

Түлкінің баласындай күлкілі бол. 

Алас, алас, аласы, 

Келді, міне, баласы. 

Ұйықтап дем алсын, 

Қунап оянсын!» дейді. 

Аластатудың – түтету деп келте ойламаңдар. Сенің сіріңкең ештеңені қорқыта алмайды. Ал адыраспан немесе арша тұтанғанда лаулап от шығады. Ал оттан үркімейтіннің өзі жоқ. Жәндік түгілі адамдар да сескенеді. Сондықтан да дұрыс ойлыларға бұрыс ойларыңды тықпалап, теріс әрекеттеріңді көрсетпеңдер. Ене деген абыройлы аттан айырылып қалмаңдар» деді ақ әжем. 

Әжемнің айтуына қарағанда ұзақ уақыт қолданбаған бесікті міндетті түрде аластау керек екен. Сонымен қатар, жаңадан салынған үйді, сатып алынған көлікті, дүниеге келген нәрестені, келін мен күйеуді адыраспандау өте маңызды көрінеді. 

Біздің білмейтін дүниеміз көп. Білетіндерден үйреніп алғанымыз артық етпейді. Осындай адасушылық кезде қажет болады екен.

Дереккөз: ERNUR.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#аластау