9 қараша күні Үлкен Алматы шыңына аттанып, қайта оралмаған Әсел Панарғалиеваны іздестіру шаралары жалғасуда, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өкінішке қарай әзірге нәтиже жоқ. Айта кетейік, бүгін таңертең төтенше жағдайлар комитетінің құтқарушылары жоғалған қыздың анасының өтінішімен таудағы іздестіру жұмыстарын қайта бастаған болатын. Екі топқа бөлінген 14 құтқарушы мен арнайы үйретілген ит Үлкен Алматы өзені мен ғарыштық станса маңындағы таулы алқапты шолып шықты. Құтқарушылардың айтуынша, қазір мұндағы ауа температурасы 10 градус суық. Қардың қалыңдығы – 20-25 сантиметр.
Андрей Колбин, ҚР ІІМ ТЖК РЖҚО құтқарушысы:
– Егер қыз тауда жоғалған болса, онда өкінішке қарай оны табу қиын. Себебі біраз уақыт өтіп кетті. Тауда қар жауып, қауіпті жағдай қалыптасты. Бізге еріктілер де көмектесейік деп, хабарласып жатыр. Бірақ тауда іздеуді тек кәсіби құтқарушылар жүргізгені жөн. Бұл жер өте қауіпті.
Әселдің анасы Райхан Панарғалиеваның айтуынша, қызы туризм саласы бойынша білім алған. Сабақ барысында бірнеше рет тауға шыққан. Әсел анасына таңертең кетіп, түс қайта ораламын деген екен.
Райхан Панарғалиева, Әсел Панарғалиеваның анасы:
– Сол күні қатты қар жауып тұрды, құтқарушылар жүре алмаймыз, боран соғып тұр деді. Кейін ақпарат пайда болды, қалада жүр екен деген. Сосын ойладық, қалада жүрген болар деп. Кейін жалған ақпарат болған соң, қайта іздестірулерін өтіндік.