$ 498.34  519.72  4.85

«Гугл арқылы аударыла салған»: 9 қаламгеріміздің «5 тілде шыққан» кітабы түкке тұрғысыз болып қалды

Шын мәнінде, осы аталған туындылардың шетелде «іске алғысыз» болып қалғанын авторлары өз ауыздарымен де айтқан.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

Бүгін жас ақын Шерхан Талап facebook парақшасына Ұлттық академиялық кітапхананың тапсырысымен шет тілдеріне аударылып, әлемдік деңгейде сынға ұшыраған қазақ қаламгерлерінің 8 кітабын жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Ұлттық кітапхана тәржіма жасатқан, сапасы сын көтермейді деп сынап жатқан тоғыз туынды мынау екен:
Олжас Сүлейменов «Язык письма»,
Дулат Исабеков «Қарғын»,
Қойшығара Салғара «Қазақтар»,
Смағұл Елубай «Ақ боз үй»,
Шерхан Мұртаза «Бойтұмар»,
Мұрат Әуезов «Главпочтамт»,
Бексұлтан Нұржекеұлы «Әй, дүние-ай»,
Шәкен Күмісбайұлы «Балалық шақ – балдәурен».

Бұлар өткен жылы БҰҰ-ның бес тіліне (ағылшын, араб, испан, қытай және француз) аударылған. Ал біз «сүйіншілеген» қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының БҰҰ-ның алты тіліндегі антологиясы жақында жарық көрді. Оған 60 автордың шығармасы енген. Бес құрлыққа тарайтын қос кітап жоғарыдағы тоғыз туындының «тағдырын» қайталамайды деп үміттенеміз. Әйтпесе, бос тыраштанудың қаншалықты қажеті бар?!» - дейді ол.

Шын мәнінде, осы аталған туындылардың шетелде «іске алғысыз» болып қалғанын авторлары өз ауыздарымен де айтқан. Еске сала кетсек, қарымды қаламгер Дулат Исабеков КТК арнасына берген сұхбатында: «Ең қызығы, аудармашының аты көрсетілмеген. Кім екенін білмейсің. Сосын Брюссельдегі таныстарыма оқытып қарадым. Қазір ғана келіп кетті. Оқып шығып, «түпнұсқасын білмеймін, бірақ, мынау француз тілі емес» деді. Аударманың аты көрсетілмеген. Сөйтсек, гугл бойынша аударатын бірнәрселері бар екен ғой. Кезекші тілмен аударылған роман. Ол кітапты кім үшін шығарып отыр? Бұл кітаптар қоймаларда жатыр. Француз тіліндегі романды Париж сұратып алмайды. Оны қайтсін?!» - деп реніш білдірген еді.

Ал ол кітаптар әлемнің 5 тіліне анау-мынау емес, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған болатын. Мәселен, Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» трилогиясы да Дулат Исабеков айтқан әлгі гугл-аудармашы арқылы испан тіліне аударылыпты. Оны испандар оқи алмай, ежіктеп қалды. «Оқып шыққан соң былай дер едім. Испан тілді адамның бұл кітапты түсінуі өте қиын. Өйткені, әдеби стилистикасы мүлдем жоқ. Грамматикалық қатесі былай тұрсын, сөйлем дұрыс құралмаған», - деді испан тілінің мұғалімі Паскуаль Торрес. Елінде 25 жылдан бері испан тілінен сабақ беріп келе жатқан маман түсінбеген соң, қарапайым оқырманға не жорық?!

Бұл ретте, тапсырыс беруші – Ұлттық академиялық кітапхананың өкілдері «тәржіма тіліне біз жауап бермейміз» деп отыр. Өйткені, қазақ жазушыларын шет тілдеріне аударуды тендер арқылы «Астана персонал» атты жеке компания ұтып алған. Сапасына да солардың өздері жауапты көрінеді.

Қалай десек те, аудармашылардың сауатсыздығы салдарынан қыруар қаржы желге ұшып, әжептәуір кітаптар сөрелерде шаң басып жатып қалды.

Айтпақшы, аталған тоғыздың ішінде Шерхан Талап тізімге қосуды ұмытып кеткен Қабдеш Жұмаділовтің де бір кітабы бар. Басқасына қарағанда, ол кісі бұндайда «тілін тістеп» қалмаушы еді. Демек, «қуырдақтың көкесі» алда болатын сияқты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары