$ 494.87  520.65  4.91

Ақмола облысының шенеуніктері Тоқаевтан сөз естіді

Туризмге қолайлы аймақ – Көкшетаудың табиғи байлығын кәдеге асыра алмай отыр!
Фото: Zakon.kz
Фото: Zakon.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына барған сапарында жұмысты ұйымдастыра алмай жүрген әкімдерге шүйлікті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Табиғат өз алдына, аймақта дайын газдың игілігін көрмей отырған елді-мекен көп. Өйткені, оларды Сарыарқа газ құбыры магистраліне жалғауға құжат дайын емес. Мемлекеттік бағдарламаларды мандыта алмаған шенеуніктер де бүгін президенттен сөз естіді.

Президентке атқарылған істерін тізуге жиналған ақмолалық шенділер шетінен ескерту алды. Өйткені тапсырылған шаруа мандымай жатыр. Мәселен, аграрлық өңірде мемлекеттен қыруар қаржы бөлінсе де, астық шығымдылығы 12 центнерден аспайды. Ал 4 жарым миллион гектар жайылым болса, соның 88 пайызы пайдаланылып отыр. Бірақ жұрт мал жаятын жер таппай жүр. Президент қаншама жерді астына басып отырған латуфиндистерге тісі батпайтын шенеуніктерге шүйлікті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

- Мен, жерді алу міндетін, былай айтқанда, латифундистерге қойғанмын. Рекультивациямен айналыспайтындарға. Бұл өте маңызды тапсырма, ол жай айтыла салған сөз емес. Адал, еңбекқор фермерлер мен шаруаларды жұмыс істейтін, мал жаятын жерсіз қалдырғанын анықтадық. 

Тұрғындар «Сарыарқа» газ магистралі құрылысының аяқталып, көгілдір отынға қол жеткізуді армандап отыр. Алайда аталмыш нысанға қосылуы тиіс облыстағы 20 елді мекенге құбыр тартуға қажетті құжат әлі дайын емес. Бұны естіген президент Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевты сұрақтың астына алды. 

- Қандай проблема? Қаражат жетпеді ме? Әлде «Қазтрансгаз» бен жалпы «Қазмұнайгаз» әкімдігі арасында үйлесімділіктің жоқтығы ма? Бұл жағдайда қандай мәселе туындайды? 

- 2018 жылдан бері біз осы жобаны жүзеге асырып келеміз. Келесі жылдың 2-тоқсанында бекітілген, іске асыруды бастаймыз! 

Президент Бурабай - Щучье курортты аймағын дамытуда инфрақұрылымға назар аударуды да тапсырды. Өңірдің туристік потенциалын көтеруге ең алдымен қызмет сапасын жолға қою керек. Сонда жылына 2 миллион турист тартуға мүмкіндік тумақ. «Қазіргі жағдайда қарапайым дәретханаға ұялатын жағдайға жеттік», - деді Тоқаев. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

- Егер жол бойындағы ең қарапайым дәретханаларды ретке келтіре алмасақ, онда қандай сапалы қызмет көрсетуді айтуға болады? 

Мемлекет басшысы әлеуметтік салада атқарылмай жатқан жұмыстарды да қадап айтты. Мәселен, облыста 13 кәсіпорыннан  жалақы ала алмай жүрген 500 жұмысшы бар. Елордаға әртүрлі мәселемен 69 ұжымнан шағым хат жеткен. Сондай-ақ, өңірге 400 медицина маманы жетіспейді. Осы мәселелердің түйткілін кешіктірмей шешу облыс басшысы Ермек Маржықпаевқа тапсырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары