$ 444.32  473.33  4.76

Бақыт Сұлтанов азық-түліктің қымбаттауына жол берген әкім орынбасарларын жауапқа тартуды ұсынды

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бұған жергілікті басшыларды кінәлап отыр.
Фото: The Qazaq Times
Фото: The Qazaq Times

Елімізде азық-түлік бағасы тағы қымбаттады. Жұрт күнделікті тұтынатын тауарлар бағасының негізсіз өсіп жатқаны Үкіметте де айтылды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бұған жергілікті басшыларды кінәлап отыр. Онда да әкімдерді емес, орынбасарларын ғана.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі: 

- 2018 жылдың мамыр айында әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу бойынша функциялар берілген. Алайда іс жүзінде оны әкімдіктер пайдаланбай отыр. Құрметті, Асқар Ұзақбайұлы, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аталған өңірлерде әкімдердің орынбасарларын жауапкершілікке тартуды ұсынамын. 

«Бағаның шарықтауына экспорт көлемінің өсуі, делдалдардың көптігі және сақтау қоймаларының жоқтығы себеп», - дейді министр. 

Мәселен, жыл басынан бері ұн, күріш, қарақұмық, күнбағыс майы мен көкөністің құны бірден 15 пайызға өскен. Бағаның көтерілуі Атырау, Павлодар, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында байқалды. Премьер-министр әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын өсірмеу керектігін тағы айтты. Құзырлы министрлікке арнайы топ құрып, бір апта ішінде бағаны тұрақтандыру шарасын қолға алуды тапсырды. Ал, оған жол бергендерге «шара қолданылады» деді Асқар Мәмин. 

Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрі: 

- Премьерминистрдің кеңсесі үш күннің ішінде азық-түлік тауарларының баға өсімінің алдын алу мәселесіне жауап беретін Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция вице-министрлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы менің атыма ұсыныс енгізсін. Қымбатшылыққа жол берген облыстардың әкім орынбасарлары да тиісті жауапкершілікке тартылады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары