Өзбекстаннан Қазақстанға сирек кездесетін жануарларды алып өтпек болған күдіктілер іздестірілуде. Кеше Сарыағаш шекара отряды «Сарыағаш теміржол» бөлімшесінің шекара наряды елімізге көрші мемлекеттен әкелінген солтүстікафрикалық жануарларды тауып алып, оларды ветеринарларға тапсырды.
Бұл жайында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мамандары хабарлап отыр.
«Сарыағаш шекара отряды «Сарыағаш теміржол» бөлімшесінің шекара наряды кеше сағат 08.30-да «Келес – Сарыағаш» бағытымен Өзбекстан жақтан елімізге кірген № 2037 жүк пойызын тексеру барысында № 28836278 жүк вагонынан ешқандай құжатсыз, 4 бас жұптұяқты жануарды тауып алды. Жануарлардың иесі табылған жоқ. Кейін анықталғандай, бұлар негізінен Солтүстік Африкада мекендейтін, арқар тұқымдастар мен теке тұқымдастарының арасындағы ерекше түрге жататын – жалды қойлар болып шықты» делінген аталған хабарламада.
Иесіз контрабандалық жануарлар актіленіп, мал дәрігерлік-санитарлық қызмет өкілдеріне берілді.