Арал теңізінде жоғалып кеткен балықшының денесі 20 күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жөнінде Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов мәлім етті. Оның айтуынша, құтқарушылар барлық жұмысты атқарған. Дегенмен іздеу жұмыстары әзірге нәтиже бере қойған жоқ.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында ауа райы құбылмалы болып тұр. Сондықтан тұрғындардан барлық сақтық шараларына көңіл бөлуді сұраймыз», - деді Асылбек Шәменов.
Бұл оқиға 2 қараша күні болған. Сол күні Арал теңізіне балық аулауға шыққан екі балықшы жоғалып кеткен еді. Қатты жел тұрып, күннің күрт құбылуы салдарынан «Бақыт» шаруа қожалығында келісім-шарт бойынша еңбек еткен 25 және 26 жастағы екі азамат хабарсыз кетті. Ал 7 қарашада екі балықшының бірінің денесі табылған. Негізінде олар №16 учаскеде балық аулаған.