Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында батыр бабалардың рухына тағзым жасалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айта кетсек, Қазақ халқында қол бастаған батырлар мен сөз бастаған би-шешендер аз болмаған. Сондай батыр ұлдардың бірі әрі бірегейі – Тілеу батыр. Ол XVII ғасырдағы қазақ тарихында ойып алар орны бар, елі үшін жасаған ерлігі мен сіңірген еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай тарихи тұлға. 1681-1684 жылдары Сайрамда жоңғарлармен болған соғысқа 17 мың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ пен інісі Қалдыбаймен бірге соғысқа шығып, шешуші ұрыста өзі де, баласы Жолдыаяқ та опат болған және қос батырдың сүйегі Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленген.
Бүгін Сайрам тұрғын алабындағы осынау батыр бабалар қорымына ескерткіш белгі орнатылды. Сондай-ақ, ескерткіштің ашылу рәсіміне арнайы қатысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов батырларға тағзым ету парыз екендігін жеткізді.
«Тілеу Айтұлы тарихта қалған және өзінің батырлығымен, билігімен ерекшеленген тұлға. Түркістанда Тәукені хан сайлауға қатысқан би әрі батыр, Күлтөбеде сөз алған белгілі ер, Сайрам шайқасының сардары. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, бабалар аманатымен келген осынау дархан даламызда бүгінде қаншама ұлттар мен ұлыстар бейбіт өмір кешуде. Бүгінгі ұрпақ осынау батыр бабалар есімін ешқашан ұмытпайтынына сенімім мол», - деді Ерлан Қуанышұлы.
Сонымен қатар, салтанатты іс-шара барысында Тілеу батырдың ұрпағы, Ақтөбе қаласының тұрғыны, зейнеткер Зейнулла Халидуллаұлы да игі іске өз ризашылығын білдіріп, батырлар рухына Құран аяттарын бағышталды және игі шара соңында арнайы ас берілді.