Украина Ресейге қарсы БҰҰ-ның халықаралық сотына шағымданбақ. Ресми Киев мұндай қадамға РФ терроризмді қолдағаны үшін барып отырмыз дейді. Бұл жайында 5 қаңтар күні кешкісін украиналық «5 канал» телеарнасына сұхбат берген Украинаның әділет министрі Павел Петренко мәлімдеді.
«Биылғы жыл БҰҰ халықаралық сотында үлкен істер қаралатын болады», — деді Петренко. Министр сондай-ақ, айғақтар толық жиналып, «сотқа дейінгі процесс» бітуге таяп қалғанын айта кетті.
Қазіргі кезде Ресейдің үстінен халықаралық соттарға шағымданған Киевтің бірнеше ісі қаралуда. Өткен жылдың 4 тамызы күні Украина Еуропадағы адам құқығы жөніндегі сотқа да арызданған еді. Елдің әділет министрі Павел Петренконың сөзінше, арыз Қырым аумағындағы адам құқығының бұзылғандығын негіз етіп алған.
Сондай-ақ, Украина билігі халықаралық соттардың көмегімен Ресейден 50 миллиард доллар өндіріп алмақ. Бұл сома Қырым мен Донбасс аймағында орын алған оқиғалар үшін талап етілуде.