Қалада атойлап басталған кейбір жобалар аяқсыз қалып жатады. Болмаса көптеген кедергінің кесірінен мерзімінде үлгермей қалады. Осы мәселені қозғаған шаһар басшысының орынбасары Ербол Садыр жаңа жобаның тиімділігіне тоқталды. Енді әрбір жоба қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
«Кейбір жобалар басталып аяқсыз қалып кетіп жатады. Кейбір жобалар сапасыз соңына дейін жетеді. Түпкі төркіні көңілдегідей болмай жатады. Біз енді жобалық кеңседе ондай олқылықтарға жол бермейміз» деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр.
Жобалық кеңсе жұмысы барлық тарапқа тиімді. Мәселен бір үй соғылса Жер қатынастары басқармасы, Архитектура қоян қолтық жұмыс жасайды. Қаржы да уақытында бөлініп инфрақұрылымға жауапты мекемелер дер кезінде іс қылады. Бұл үшін арнайы жұмыс кестесі жасалады. Онда жобаның мерзімі мен нақты бітетін күні жазылады. Бұл бастама қаламызды көркейтуге оң ықпал етпек.