Қызылорда облысында Жалағаш-Жосалы бағытында салынған жолдың 27 шақырымынан 21 кемшілік табылған. Республикалық маңызға ие жолдың беткі жабындысы 5 см болуы тиіс еді. Тиісті органдар тексерген кезде 1 см-ге де жетпеген, деп хабарлайды Baq.kz.
Ең сорақысы, бұл жолды жөндеу үшін мемлекеттік бюджеттен 731,2 млн теңге бөлінген. Әкімдік мұндай олқылыққа қалай жол берген.
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовқа тікелей сауал қойылған болатын.
"Қызылорда облысындағы Жалағаш-Жосалы бағытында салынған жолдың 27 шақырымынан 21 ақау табылған. Мұны Жол активтері Ұлттық орталығының мамандары барып тексерген кезде анықтаған. Бұл жолдың беткі жабындысы 5 см болуы тиіс еді. Тексерген кезде 1 см-ге де жетпеген. Яғни, сапасыз жол.
Осы жолды салу үшін мемлекеттік бюджеттен 700 млн теңге қаржы бөлінді. Менің сұрағым – "осындай олқылықтарға қашанға дейін жол берілмекші? Мемлекет су мен жолға, жылу мен жарыққа жыл сайын қыруар қаражат бөледі. Нәтижесінде, қандай іс тындырылды дегенде – сапасыз жол, тартылмаған су шығады. Өзіңіз басқарып отырған әкімдік осыны қадағалай ма?" деген тілшінің сауалына әкімдік жазбаша түрде жауап берді.
"Сіздің көтерген Жалағаш-Жосалы жолы мәселесін жіті қадағалаймыз. Наурызбай Сейітқалиұлы, (Байқадамов – ред) өзіңізге жазып отырыңыз. Міндетті түрде бұны анықтаймыз. Егер расталса, сол мердігерге бәрін қайтадан істеткізетін боламыз. Айтқан ұсыныстарыңыздың барлығы орынды. Ескеріп, жұмыс барысында қадағалауға аламыз", - деп жауап берген еді әкім брифинг барысында.
Ол Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы қажетті құрылғы-жабдықтармен арнайы барып, дұрыс-бұрыс екенін тексеріп, белгіленген уақыттың ішінде қайтадан жөндеу жұмыстарын жасатқызатынын айтты.
"Жалағаш-Жосалы бағытындағы кемшілікке байланысты айтатыным – әрине, бізде осы мәселемен айналысатын тиісті басқарма бар. Бірақ, мердігер өзінің жұмысын орындағаннан кейін оның артынан сәйкесінше сапасын тексеретін орган бар. Әрине, бұл мәселені біз қарайық. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінген соң, ол жөндеу жұмыстарының барлығы уақытылы, сапалы және мезгілінде орындалуы керек.
Бұл мәселе бойынша сізге қосымша жауап берейік. Неліктен олай болғаны жөнінде толыққанды жауап беру үшін, қай жерде болғанын және қандай мердігер бұл жолды салғанын анықтау керек болады", - деген Қуанышбек Ысқақов орынбасарына тікелей тапсырма берді.
Көп ұзамай, әкімнің сөзін екі етпеген Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов кемшілік табылған жолға қатысты ресми ақпарат жолдады. Ол бүгінгі күні жолды жөндеу жұмыстары уақытша тоқтатылып, әкімдік анықталған ақауларды жоюды қолға алды деп жауап берді.
"Жалағаш және Қармақшы аудандарын байланыстырып тұрған облысаралық жолдың 27 шақырымына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Қызылорда облысының әкімдігі "KAISON Construction" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер компаниясымен келісімшартқа қол қойған. Бұл жобаның құны 731, 2 млн теңгені құрайды.
Техникалық қадағалауды "SMOrda Grupp" ЖШС жүргізеді. 2018-2019 жылдары 16,6 шақырым жол жөндеуден өтті. Оны салу үшін мемлекеттік бюджеттен 406,4 млн теңге соммасында қаржы бөлінген. Аталмыш нысан 2020 жылғы дейін жалғасын табатын болады.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты "Жол активтері Ұлттық сапа орталығының" мамандары тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 23 ақау тапты. Соның 16 ақауын жойдық. Бүгінгі күні жолды жөндеу жұмыстары уақытша тоқтатылып, анықталған ақауларды жоюды қолға алдық", - деген ресми жауапта Әділбек Ерсұлтанов.
Оның сөзіне сүйенсек, тиісті мекеменің қызметкерлері жолды бұрғылап, жылжымалы зертханамен тексергенде, беткі жабындының қалыңдығы 3,9 см болған. Алайда, тексерістің нәтижесінде, асфальт жолдың беткі жабындысының қалыңдығы 5 см-ден 8 см-ге дейін жетті (Жобаға сәйкес қалыңдығы – 5 см).
Осылайша, қыруар ақшаға салынған сапасы өте төмен асфальттың кемшіліктерін жою үшін жөндеу жұмыстары уақытша тоқтатылып, "KAISON Construction" ЖШС мердігер компаниясы қайтадан іске кіріскен.