Қарағандының №1 қалалық ауруханасында пойыз қағып кеткен 4 жасар қыз қайтыс болды деп хабарлайды Tengrinews.kz. Дәрігерлер сәбиді аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын, алайда, алған жарақаттары тым ауыр болғандығын айтып отыр.
Естеріңізде болса, кеше апалы-сіңлі екі қыздың пойыз астына түсіп қалғандығын жазған болатынбыз. Алған дене жарақатының салдарынан 17 жастағы бойжеткен оқиға орнында көз жұмса, 4 жасар сіңлісін жедел-жәрдем станциясы ауруханаға жеткізген. Қыздар үйлерінен циркке бармақ болып шығыпты. Жолды қысқарту үшін олар темір жолды айналмай, төтесінен кесіп өтпек болған. Тоқтап тұрған пойыздың астынан өте берген сәтте вагондар қозғалып, қыздарды басып кеткен.
Кейінірек белгілі болғандай, қыздардың үлкені Қарағандыдағы колледждердің бірінде оқыған екен, олар Курьяновка елдімекенінен Майқұдыққа қарай жолға шыққан.