01.12.2019, 12:13

«Кедейшілік 20 есеге төмендеп»: Тұңғыш Президент күні Түркияда да аталып өтті

фото: Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі парақшасынан
Біршама лауазымды тұлғалардың басын қосқан шараға екі елдің кіл беткеұстарлары қатысыпты.

30 қарашада Анкара қаласында (Түркия) Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай ҚР Түркиядағы Елшілігі жəне Еуразия мемлекеттерінің экономикалық қарым-қатынастары жөніндегі «ЭкоЕуразия» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Түркі мемлекеттері ынтымақтастығы жолындағы көреген көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев» атты конференция өтті. Зиялы қауым өкілдері бас қосқан шарада елбасының Қазақстанды қиын-қыстау кезеңнен алып шыққаны да  айтылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы «Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі» facebook парақшасына сілтеме жасап. 

Біршама лауазымды тұлғалардың басын қосқан шараға екі елдің кіл беткеұстарлары қатысыпты. 

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР-ның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы 1 желтоқсан күні елімізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні аталып өтетіндігіне орай, тəуелсіздікке қол жеткізгеннен бері Елбасының бастамасымен елімізде жүзеге асырылған маңызды экономикалық жəне əлеуметтік реформалар, халықаралық саяси бастамалары мен мемлекетіміздің жетістіктерін  ерекше айтып өткен.

А.Сапарбекұлы: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі халқымыз үшін «еліміз», «туған жеріміз» жəне «Отанымыз» сөздерімен қатар жүреді. «Түркия үшін М.К Ататүрік қаншалықты маңызды тұлға болса, Н.Назарбаев Қазақстан үшін дəл сондай маңызға ие. Елбасын жақсы түсіну үшін оның балалық жəне жастық шағына назар аудару керек», - депқарапайым отбасында дүниеге келген Н.Назарбаев ерте жасынан қоғамдық өмірге белсене араласа бастағанын, оның жастайынан Отанының тағдырының жанашыры болғанын тағы бір мәрте мақтай жөнелген.

А.Сапарбекұлы Мемлекеттілігіміздің негізін қалаушы Елбасы басқарған 30 жылдың ішінде Қазақстан əлемнің дамыған 50 елінің қатарына енгенін, кедейшілік деңгейі 20 есеге төмендеп, елдің ішкі жалпы өнімінің 9 есе артқанын атап өтті.

Қатысушылар бірауыздан қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, Елбасы Н.Назарбаев бастаған дара жолмен əлемдік сахнаға көтерілгенін растады. Сондай-ақ Түркия Президенті Р.Ердоғанның түркі халқының ақсақалы жəне стратегиялық серіктес ретінде Н.Назарбаевты жоғары бағалайтынын, ал Қазақстанның жетістіктері барша түркі халқының жетістігі екенінің астын сызды.

Анкара қаласы Мамак муниципалитетінің мэрі Мұрат Көсе Назарбаевтың Отанға жəне халқына деген сүйіспеншілігін басқа барлық мүдделерден артық санайтынын, елін қайта өркендету мақсатын көздеген Елбасы Қазақстанды Азиядағы көшбасшы мемлекеттер қатарына қосқанын атап өтті. Көсе, «Назарбаев əлемдегі халықаралық проблемалардың шешімін табушы, болашақ қамын ойлайтын саясаткер жəне көреген көшбасшы» деді.