Қазақстандық интернет саласындағы алдыңғы қатарлы компаниялардың бірі саналатын «Қазконтент» акционерлік қоғамының басшылығы ауысты. Бұған дейін Басқарма төрағасы қызметін 4 жыл бойы атқарып келген Айдос Қыдырманың жаңа қызметке ауысуына байланысты компанияға Асқар Ахметов басшы болып тағайындалды.
Айта кетейік, «Қазконтент» АҚ 2009 жылы құрылып, оқырмандарға BNews.kz және Baq.kz ақпараттық порталдарын ұсынған болатын. Ал, қазір компания 8 интернет-жобаны жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында 4 ақпараттық (bnews.kz, baq.kz, primeminister.kz, strategy2050.kz) және 4 танымдық (kaztube.kz, adebiportal.kz, el.kz, e-history.kz) порталдар бар.
Сонымен қатар, осы уақыт аралығында компания ел аймақтарынан басылып шығатын қазақтілді газет-журналдарға ақысыз негізде сайттар әзірлеп берді.
А.Қыдырманың тұсында атқарылған осынау жұмыстарды жаңа тағайындалған Асқар Қуандықұлы одан әрі сәтті жалғастырады деген сенімдеміз.