Алматыда 1000 аса элиталық үй мен пәтер иелері салық төлемей отыр. Олардың бюджетке берешегі 247 млн теңгеден асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, 2018 жылға мүлік салығы мен жер салығын төлеу мерзімі 2019 жылдың 1 қазанында өткеніне қарамастан, элиталық үйлер мен пәтер иелері қарызды өтеуге асығар емес.
Алматыда мүлік салығы төленбеген 1028 элиталық баспана тіркеуде тұр.
Олардың иелері 247 млн теңге бюджетке берешек.
«Биылғы 3 желтоқсанынан бастап біз Полиция департаментімен және жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп жеке тұлғалардан берешекті өндіріп алуға кірістік», - делінген хабарламада.
Нақтырақ айтқанда, борышкердің өзінде не өзге де жеке немесе заңды тұлғаларда тұрған жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкі тәркіленеді.
Салық төлеушілер салық бойынша берешектің бар немесе жоқ екендігі туралы МКК сайтында немесе келесі сілтеме бойынша көруге болады.
Сонымен қатар, жеке тұлға салық міндеттемелері бойынша салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұл төленбейді.
Өсімпұл негізгі салық қарызы төлегеннен кейін үш жұмыс күні ішінде автоматты түрде есептен шығарылады.
Мұндай салықтық рақымшылық 2019 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.