Алматыда Фариза Оңғарсынованың таңдаулы өлеңдері жинақталған кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталмыш шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Sn.kz.
«Жыр - менің жалғыз тарланым» деп жырлап өткен Фариза ақынды еске алу кешінде ізін басушы жас ақындар өлең шумақтарын оқып, әсерлі домбыраның үні де естілді.
Оқырмандардың жаны нәзік ақынның шығармашылығына тәнті болғаны соншалық, көп томдық өлең жырлары «Шілде», «Полдневный жар» деген атаумен 2 тілде жарық көріп, бүгін ұлттық кітапханаға сыйға тартылды.
«Фариза Оңғарсынованың ең таңдаулы шығармаларынан орысшы-қазақша екі кітапты арнайы Ұлттық Кітапханаға сыйлап жатырмыз. Бұл қазірше бес мың данамен шығып жатыр. Әлі де Фаризаның өлеңдеріне сұраныс көп. Әсіресе, қазақ кітаптарына деген сұраныс артып келе жатыр», деді «Сардар» баспасының бас редакторы Алмас Ахметбекұлы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі Алматы қалалық маслихаттың шешімімен «қазақ поэзиясының Патшайымы» Фариза Оңғарсыноваға көше берген еді.
Алматыда Алатау ауданына қарасты Алғабас ықшамауданындағы бұрынғы Ақсай көшесіне Фариза Оңғарсынованың есімі берілді.
«Атырауда аспанмен таласқан үлкен ескерткіш қойылды. Елордамызда Нұр-Сұлтан қаласында көшесі ашылды. Дәл сол секілді мерейлі белесіне орай Алматы қаласында да дәл сондай шараның бір куәсі болып отырмыз. Фариза апамызға көше берілер кезде бұл барлық деңгейлерде елдің бірауыздан мойындағандығын көрсетті», деді Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов.
Көшенің салтанатты ашылу рәсімінде халық жазушысының көзін көрген әріптестері естеліктер айтты.
«Фариза апай осы жерде қазақтың рухының өсуіне, қазақтың қазақ болуына, қазақтың қыздарының ешкімнен кем болмауына бір адамдай еңбек сіңірген. Сол өзінің керемет отты өлеңдерімен осы Алматыдағы қазақтың ең бір үлкен рухани анасы болып жүрді. Сондай түп түзу көше, апайдың өзінің жан дүниесі сияқты ғажайып көше, айналасы паркке айналатын керемет көшені беріп жатқан Алматы қаласы әкімдігіне көп көп рахмет айтамыз», деді жазушы Мереке Құлкенов.
Айта кетейік, биыл Қазақстанның халық жазушысы, ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл.
Поэзия падишасы 2014 жылы 75-ке қараған шағында көз жұмған еді.